Абай ілімін оқытуда жасанды интеллект қолданылуда

Шымкентте жасанды интеллект технологияларын дамыту және оны білім беру саласында тиімді қолдану бағытындағы жұмыстармен қатар, өскелең ұрпақтың рухани танымын қалыптастыруға да басымдық берілуде. Осы мақсаттағы бастамалардың бірі ретінде бүгін Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Қоғамды ізгілендірудегі Абай ілімі және жасанды интеллект» атты зияткерлік олимпиада басталды.
Білім додасының алғашқы кезеңі университеттің Тест орталығында өтіп, қатысушылар ұлттық құндылықтар, Қазақстан тарихы, мәдени мұра және азаматтық жауапкершілік бағыттары бойынша білімдерін сарапқа салуда. Олимпиадаға алты топтан 38 қатысушы қатысып, білім деңгейі мен ойлау қабілетін, зияткерлік дайындығын көрсетуде.
Сайыстың негізгі мақсаты – ұлы ойшыл Абайдың «Толық адам» ілімін заманауи технологиялармен сабақтастыра отырып, рухани кемел, білімді, саналы әрі жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ қалыптастыру. Сонымен бірге жастардың ұлттық мұраға қызығушылығын арттыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін орынды әрі тиімді пайдалануға бағыт беру көзделген.
Төрт негізгі кезеңнен тұратын олимпиада қатысушылардың білімін ғана емес, дүниетанымын, талдау қабілетін және азаматтық ұстанымын да бағалауға бағытталған. Алғашқы «Ұлттық рух және құндылық» кезеңінде жастардың тарихи танымы мен ұлттық құндылықтар жөніндегі білімі сараланады. Бұл кезеңде ұлттық мұраны тану мен оны бүгінгі қоғамның сұранысымен байланыстыра түсіну маңызды орын алады.
Шымкентте цифрландыру және ЖИ бағытындағы бастамалар білім беру саласын да қамтып келеді. Қалада заманауи технологияларды меңгерген мамандар даярлау, жастардың цифрлық сауатын арттыру және жаңа құралдарды оқу үдерісінде пайдалану мәселелері өзекті. Бұл ретте университеттердің міндеті тек технологияны үйретумен шектелмейді. Студенттерді ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға, дербес ойлауға, технологиялық мүмкіндіктерді қоғам игілігіне жұмсауға баулу да маңызды.
Жастар ұлттық тарих пен мәдени мұраны меңгеру арқылы өз танымын тереңдетсе, жасанды интеллект тақырыбы олардың жаңа технологияларға деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Екі бағытты қатар қарастыру білімді ұрпақ тәрбиелеуде рухани құндылықтар мен цифрлық сауаттың өзара толықтыра алатынын аңғартады.


