Желіде де заң мен тәртіп бар

Шымкент қаласындағы Орталық Азия инновациялық университетінде студенттер арасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Әл-Фараби ауданы прокуратурасының қызметкерлері, Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі және қалалық Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жастарға интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, киберқылмыстың кең тараған түрлері және күмәнді әрекеттерден сақтану жолдары түсіндірілді. Мамандар жеке деректерді қорғау, белгісіз сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға банк картасының мәліметтері мен SMS арқылы келетін растау кодтарын бермеу қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар интернет арқылы жасалатын алаяқтыққа байқамай қатысып қалудың тәуекелдері туралы ақпарат берілді.
Студенттерге қиын өмірлік жағдайға тап болған кезде көмек сұрауды кейінге қалдырмаудың маңызы да айтылды. Психологиялық қолдауға мұқтаж жастардың мамандарға, университеттің тиісті қызметтеріне немесе сенімді ересектерге жүгінуі қажеттігі түсіндірілді. Өз мәселесін іште сақтамай, уақытында көмекке жүгіну күрделі жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.
Профилактикалық шараның негізгі мақсаты – жастардың өмірге деген құндылық көзқарасын қалыптастыру, психологиялық саулығын нығайту, суицидтік мінез-құлық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл ретте студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, олардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына және айналасындағы адамдардың жағдайына бейжай қарамауына мән берілді.
Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тек заң талаптарын түсіндірумен шектелмейді. Қауіп-қатерді ерте байқау, психологиялық қолдаудың қолжетімді болуы және жастардың мәселесін ашық айтуына жағдай жасау да маңызды. Университет қабырғасында өткізілген осындай кездесулер студенттерге күнделікті өмірде кездесуі мүмкін тәуекелдерді тануға және тиісті жағдайда дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
Құқықтық түсіндіру мен психологиялық қолдауды қатар жүргізу жас буынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың маңызды бөлігі саналады.


