Медициналық сараптама сапасын арттыру – азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі
2026 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында МӘС әдіснама және бақылау бөлімі медициналық-әлеуметтік сараптама қызметінің сапасын арттыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарды
Есепті кезеңде бөлімге келіп түскен азаматтардың өтініштері мен шағымдары заңнамада белгіленген мерзімдерде қаралып, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Бақылау қызметі шеңберінде медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері қабылдаған шешімдердің заңдылығы мен негізділігіне тұрақты мониторинг жүргізілді. Сонымен қатар, сараптамалық шешімдерге ведомстволық бақылау жүзеге асырылып, медициналық құжаттардың сапасына жан-жақты талдау жасалды. Медициналық ұйымдар тарапынан орын алатын кемшіліктерді болдырмау мақсатында түсіндіру және әдістемелік жұмыстар ұйымдастырылды.
Жыл басынан бері бөлім мамандары 479 бақылау ісін қарап, нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсынымдар берді. Сондай-ақ азаматтардан түскен 480 өтініш пен шағым қаралып, әрбір мәселе бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес шешімдер қабылданды.
Мүгедектік белгілеу кезінде ұсынылатын медициналық құжаттардың дұрыстығы мен негізділігін қамтамасыз ету мақсатында күмән тудыратын құжаттарға қатысты тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған фактілер жөнінде уәкілетті органдар мен медициналық ұйымдарға тиісті ақпараттар жолданып, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында шаралар қабылдануда.
Сонымен қатар, бөлім тарапынан медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері бойынша МӘС бөлімдерінің мамандарына тұрақты әдістемелік қолдау көрсетіліп, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Алдағы уақытта МӘС әдіснама және бақылау бөлімінің негізгі басымдықтары медициналық-әлеуметтік сараптама сапасын одан әрі жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету болып қала береді.
«Әділ сараптама – азамат сенімінің негізі» демекші, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен ашықтығын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін нығайтып, мемлекеттік институттарға деген сенімді күшейте түседі.
Жұлдыз Әлімбаева
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің
МӘС әдіснама және бақылау бөлімінің бас маманы


