Адал қызмет пен әділдік – халық сенімінің негізі

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін төмендететін және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне нұқсан келтіретін қауіпті әлеуметтік құбылыс. Ол әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарына қайшы келіп, экономиканың дамуына, инвестициялық тартымдылыққа және халықтың әл-ауқатына кері әсер етеді. Сондықтан жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру және адалдық құндылықтарын дәріптеу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады.
Осы мақсатта Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған кездесу өткізілді. Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет саласындағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, қызметтік әдепті сақтау және заң талаптарын мүлтіксіз орындау мәселелері талқыланды.
Кездесуде сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зардаптары жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, жемқорлық мемлекеттік қаржының тиімсіз жұмсалуына, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу сапасының төмендеуіне, бәсекелестік ортаның бұзылуына және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің әлсіреуіне себеп болатыны айтылды. Мұндай келеңсіз құбылыс мемлекеттік басқарудың сапасына әсер етіп қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын бәсеңдетеді.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әрбір мемлекеттік қызметшінің жеке жауапкершілігі ерекше маңызға ие екені атап өтілді. Заң талаптарын сақтау, шешім қабылдау кезінде әділдік пен объективтілік қағидаттарын басшылыққа алу, азаматтармен қарым-қатынаста ашықтық таныту – мемлекеттік қызметтің негізгі міндеттерінің бірі. Қоғамның мемлекетке деген сенімі ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің адал еңбегі мен кәсіби жауапкершілігі арқылы қалыптасады.
Жиын барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі талаптары түсіндіріліп, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде белгіленген нормаларды сақтау мәселелері кеңінен сөз болды. Әдеп қағидаттарын сақтау мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастырып, халықпен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Кездесу барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының тұрғындардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты екеніне ерекше назар аударылды. Аталған салада қабылданатын шешімдер халықтың өмір сүру сапасына әсер ететіндіктен, қызмет барысында ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету маңызды міндет болып табылады. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру және тұрғындарды сапалы қызметпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар заң талаптарына сай әрі ашық жүзеге асырылуы қажет екендігі айтылды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін цифрландыру, электронды платформаларды пайдалану және мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыру арқылы жемқорлық тәуекелдерін төмендету мәселелері де қозғалды. Цифрлық технологиялар адами факторды азайтып, қызмет көрсету сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесуде осы жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енген мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа тәртібі жөнінде де ақпарат берілді. Жаңа жүйе мемлекеттік қызметке кәсіби, білімді және бастамашыл азаматтарды тартуға бағытталған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік аппараттың сапасын арттырып, ашықтық пен меритократия қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
Іс-шара соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тек құқықтық шаралармен ғана шектелмейтіні, бұл ең алдымен қоғамның сана-сезіміне, азаматтардың ұстанымына және мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігіне байланысты екені атап өтілді. Адалдық, әділдік, заңға құрмет және қоғам мүддесіне қызмет ету қағидаттарын берік ұстану арқылы ғана жемқорлықсыз қоғам құруға болатыны айтылды.


