Түркістан мен Гуйчжоу провинциясы арасында байланыс орнатылды

Түркістан облысында халықаралық экономикалық және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытай Халық Республикасының Гуйчжоу провинциясынан келген ресми делегациямен кездесті. Делегацияны Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян бастап келді.
Кездесудің негізгі мақсаты – екі өңір арасындағы өзара тиімді әріптестікті нығайту, инвестициялық байланысты күшейту және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттарын айқындау болды.
Жиын барысында тараптар өңіраралық экономикалық байланыстарды дамыту, сауда айналымын арттыру, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды іске асыру, цифрлық технологиялар мен инновацияларды енгізу, сондай-ақ туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды.
Сонымен қатар логистика және көлік инфрақұрылымын дамыту, білім және ғылым салаларындағы әріптестікті тереңдету бағыттары да назардан тыс қалмады. Екі тарап та мұндай байланыстардың өңірлердің экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.
Кездесу барысында Қанат Қайыпбек Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Ол өңірдің географиялық орналасуы, транзиттік әлеуеті және индустриялық инфрақұрылымы шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырып отырғанын атап өтті.
– Түркістан облысымен бауырластық қарым-қатынас орнатуға танытқан қызығушылықтарыңыз біз үшін ерекше маңызға ие. Бүгінгі таңда өңірімізде шетелдік инвесторлардың табысты жұмыс істеуі үшін барлық қолайлы жағдайлар мен мемлекеттік қолдау тетіктері толық жасалған, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ол өз сөзінде Түркістан облысының стратегиялық транзиттік артықшылықтарына да тоқталды. Атап айтқанда, Қытай мен Еуропа елдері арасындағы құрлықтық жүк тасымалының басым бөлігі өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі өңір аумағы арқылы өтетінін атап өтті.
Сонымен қатар Орталық Азияны Ресей және Сібір аймақтарымен байланыстыратын ірі теміржол магистральдарының да Түркістан облысы арқылы өтуі өңірдің логистикалық маңызын арттыра түсетінін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі инвестициялық инфрақұрылым туралы да кеңінен ақпарат берді. Оның айтуынша, Түркістан облысында инвесторларға дайын инженерлік-коммуникациялық желілері тартылған жер учаскелерін ұсынатын 21 индустриалды аймақ жұмыс істейді.
Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктер желісі дамып келеді. Ал жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға бағытталған «Turan» арнайы экономикалық аймағы өңірдегі ірі инвестициялық алаңдардың бірі ретінде танылып отыр.
Бұл мүмкіндіктер шетелдік компаниялардың өндіріс ашуына, экспортқа бағытталған өнім шығаруға және жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашатыны айтылды.
Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасын, туристік әлеуетін және қарқынды дамуын жоғары бағалады.
Ол ауыл шаруашылығы, туризм, көлік-логистика, білім беру және сауда салаларында екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ Қытай тарапынан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға нақты қызығушылық бар екенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар өңіраралық байланысты одан әрі нығайту және оны институционалдық деңгейге көтеру мәселесін қарастырды. Нәтижесінде алдағы уақытта Түркістан облысы мен Гуйчжоу провинциясы арасында бауырластық туралы ресми келісімге қол қою бастамасы көтерілді.
Бұл құжат екі өңір арасындағы экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды жаңа деңгейге шығарып, ұзақ мерзімді әріптестікке жол ашпақ.
Жиында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқаны да атап өтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жеткен.
Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 684,3 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба табысты жүзеге асырылуда.
Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының халықаралық экономикалық байланыстардағы рөлінің артып келе жатқанын және өңірдің шетелдік инвесторлар үшін тартымды алаңға айналғанын көрсетеді.
Гуйчжоу провинциясымен орнатылып отырған әріптестік Түркістан облысының экономикалық дамуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және инвестициялық әлеуетінің артуына айтарлықтай серпін бермек.


