Түркістанда өңірлік штаб отырысы өтті

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру мәселелеріне арналған апталық штаб отырысы өтті. Жиынға жауапты басқарма басшылары мен ақпарат саласының өкілдері қатысып, өңірдегі ақпараттық саясаттың жүзеге асырылу барысы мен халықпен кері байланысты жетілдіру бағытындағы жұмыстарды талқылады.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Жұмашбеков, «Ақпараттық талдау орталығы» КММ директоры Айдар Сейдазым және Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Төребек Байтасов баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.
Жиын барысында өңірде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарға ден қою алгоритмінің орындалуы жан-жақты сараланды. Әсіресе мемлекеттік органдар тарапынан тұрғындардың өтініштері мен көтерілген мәселелеріне уақытылы жауап беру, ақпараттың ашықтығы мен сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ жауаптардың мазмұны мен мерзіміне мониторинг жүргізу нәтижелері қаралып, бұл бағыттағы кемшіліктер мен оларды жою жолдары айтылды.
Кеңес барысында тұрғындар арасында жиі көтерілетін әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, коммуналдық инфрақұрылым, жол сапасы, қоғамдық көлік, әлеуметтік қолдау және елді мекендерді абаттандыру мәселелері бойынша ақпараттық жұмыстардың тиімділігі сөз болды.
Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттары ретінде заң мен тәртіп қағидаттарын насихаттау, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу, есірткіге қарсы іс-қимыл шаралары, жол қозғалысы қауіпсіздігі мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы түсіндіру жұмыстары талқыланды. Жаз мезгілінің басталуына байланысты дала және орман өрттерінің алдын алу жөніндегі ақпараттық науқандардың маңыздылығы да атап өтілді.
Жиынға қатысушылар тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіру мақсатындағы ақпараттық жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылын жетілдіру, әлеуметтік желілердегі ресми ақпараттың қолжетімділігін арттыру мәселелері қарастырылды.
Отырыс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы жауапты сала басшыларына мемлекеттік ақпараттық саясатты сапалы іске асыру, халықпен тиімді кері байланысты қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша жедел әрі нақты ақпарат тарату жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына дер кезінде назар аударып, қоғамдағы өзекті мәселелерге шұғыл әрекет ету қажеттігін атап өтті.
Мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімді жүзеге асырылуы тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді арттырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге және өңірдің тұрақты дамуына оң ықпал ететіні айтылды.


