Түркістанда зиянды әдеттерге қарсы күрес күшейген

Oinet.kz 27-05-2026

image.png

Түркістан облысында алкогольге тәуелділік пен шылым шегудің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өңірде салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды зиянды әдеттерден сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында түрлі жобалар қолға алынған. Соның бірі – «ішімдіксіз ауыл» бастамасы. Бұл жоба аясында бірқатар елді мекендерде алкоголь өнімдерін сатудан толықтай бас тарту туралы ортақ шешім қабылданған. Осындай көпке үлгі болған ауылдардың бірі – Жетісай ауданындағы Алмалы ауылы.

Берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары салауатты өмір салтын ұстанып, ішімдік атаулыдан түбегейлі бас тартқан. Бүгінде ауылда алкогольді ішімдік мүлдем сатылмайды. Ел ішіндегі тыныштық пен тәртіпті сақтауды басты құндылық санайтын тұрғындар барлық мәселені ақсақалдардың ақылымен, өзара келісім арқылы шешіп келеді.

Шекаралық аймақта орналасқан ауылда бүгінде 150-ден астам шаңырақ бар. Мұнда мыңнан аса адам тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, адал еңбекпен күн көріп отыр. Ауыл халқының айтуынша, ауызбірлік пен ынтымақтың арқасында ел ішінде татулық орнап, жастар да жаман әдеттен алыс өскен.

Ауыл әкімі Мейрамбек Қыдырқожаұлының сөзінше, ішімдіксіз ауыл болу бастамасы осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл билері болған марқұм Елеусін және Асан ақсақалдардың ұсынысымен қолға алынған.

– Алмалы ауылында 150-ден астам шаңырақ бар, шамамен мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындардың барлығы дерлік мал ұстайды. Сол кездегі ауыл билері марқұм Елеусін мен Асан ақсақалдарымыз бас болып, ішімдіксіз ауыл болу бастамасын көтерген еді. Сол уақыттан бері ауылда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Бұған халықтың ауызбіршілігі мен қабылданған нақты шаралар ықпал етті. Ауылда үш дүкен бар, бірақ ешқайсысында алкоголь өнімдері сатылмайды. Біздің басты мақсатымыз – жастарға дұрыс тәрбие беру, – дейді ауыл әкімі.

Тұрғындардың айтуынша, ішімдіктен бас тарту ауыл өміріне үлкен өзгеріс әкелген. Бұрын-соңды кездесетін отбасылық кикілжіңдер азайып, ел арасындағы сыйластық күшейген. Соңғы екі жыл ішінде ауылда бірде-бір ажырасу тіркелмегені де – соның дәлелі.

Мамандардың пікірінше, алкоголь көптеген әлеуметтік мәселелердің негізгі себептерінің бірі болып саналады. Ішімдік адамның денсаулығына ғана емес, психологиялық жағдайына да ауыр әсер етеді. Ол ашушаңдықты күшейтіп, тұрмыстық жанжалдардың, зорлық-зомбылықтың және қылмыстың көбеюіне алып келеді.

Дәрігерлер алкогольдің жүрек-қан тамырлары аурулары, бауыр циррозы, жүйке жүйесінің бұзылуы сияқты қауіпті дерттерге себеп болатынын айтады. Сонымен қатар ішімдікке тәуелділік адамның еңбекке қабілетін төмендетіп, отбасындағы берекені кетіреді. Сондықтан Алмалы ауылындағы бастама – тек тәртіп сақтау ғана емес, ұлт саулығына бағытталған маңызды қадам.

Ауыл ақсақалдары жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Үлкендердің өнегелі сөзі мен батасы жас буынға бағыт-бағдар беріп келеді. Ауыл жастары да бұл бастаманы қолдап, спортпен шұғылданып, еңбекке араласып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады.

Алмалы ауылының қазіргі биі, батагөй қария Нұржан ақсақал мұндай бастамаларды кеңінен насихаттау қажет екенін айтады.

– Осындай игі істерді көптеп насихаттап, өскелең ұрпақтың кемел болашағы үшін еңбек ету – біздің азаматтық парызымыз. Жастарға дұрыс бағыт беріп, жаман әдеттен сақтандыруымыз керек, – дейді қария.

Бүгінде Алмалы ауылы көпшілікке үлгі боларлық деңгейге жеткен. Мұнда тұрғындар бір-біріне құрметпен қарап, ауыл тыныштығын сақтауды ортақ міндет санайды. Тәртіп пен татулықты ту еткен ауылда қылмыс та, жанжал да жоқтың қасы.

Қазіргі таңда Түркістан облысында «ішімдіксіз ауыл» бастамасы кең қолдау тауып келеді. Себебі мұндай ауылдарда қоғамдық қауіпсіздік нығайып, жастар тәрбиесіне оң әсер етіп, отбасы құндылықтары беки түсуде. Алмалы ауылының тәжірибесі – ауызбірлік пен дұрыс тәрбие бар жерде қоғамның да қауіпсіз, болашақтың да жарқын болатынын дәлелдейді.

Жаңажолдың жарқын жолы
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу