Полицейлер интернет-алаяқтардың кезекті әрекетінің жолын кесті

Oinet.kz 22-05-2026

image.png

Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар «Қауіпсіз ел» жобасы аясында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жоба шеңберінде өңірде киберқауіпсіздікті күшейту, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру және интернет алаяқтарының әрекеттерінің алдын алу бағытында кешенді шаралар қолға алынған.

Соның нәтижесінде Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғынға қатысты жасалуы мүмкін интернет-алаяқтық әрекетінің жолын кесті. Полицияға егде жастағы әйел хабарласып, ұялы телефонына банктік қосымша мен «eGov» сервисі арқылы өз атына несие рәсімделгені туралы күмәнді SMS-хабарламалар келгенін жеткізген.

Аталған мекенжайға учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Асырауов жедел жетіп, мән-жайды мұқият тексерді. Тексеру нәтижесінде азаматшаның атына ешқандай несие рәсімделмегені анықталып, ықтимал алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында қажетті шаралар қабылданды.

Полицейдің жеделдігі мен кәсіби іс-қимылының арқасында интернет-алаяқтықтың алдын алып, тұрғынның қаржысын сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бұл бағыттағы жұмыстар «Қауіпсіз ел» жобасы аясында да тұрақты түрде жалғасып келеді. Атап айтқанда, өңірде тұрғындарға интернет алаяқтарының жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, киберқауіпсіздік бойынша жадынамалар таратылуда. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен LED экрандар арқылы ескерту сипатындағы бейнероликтер жарияланып келеді.

Тәртіп сақшылары алаяқтардың өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе мемлекеттік қызмет маманы ретінде таныстырып, SMS-хабарлама, қоңырау немесе мессенджерлер арқылы азаматтарды алдауға тырысатынын ескертеді. Кей жағдайда олар азаматтарды қорқытып, «есепшотыңыз бұғатталды», «сіздің атыңызға несие рәсімделді» деген жалған ақпарат таратып, жеке мәліметтерін алуға әрекет етеді.

Осыған байланысты полицейлер тұрғындарға бөгде адамдарға SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін және жеке мәліметтерін бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге кеңес береді. Сондай-ақ белгісіз нөмірлерден келген қоңыраулар мен хабарламаларға сенбей, күдікті жағдай туындаған кезде бірден «102» нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.

Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтықпен күресте құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, азаматтардың сақтығы мен цифрлық сауаттылығы да маңызды рөл атқарады. Сондықтан «Қауіпсіз ел» жобасы аясында өңірде кибермәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Түркістанда жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жобасының салтанатты іске қосу рәсімі өтті
Киберқауіпсіздік – заман талабы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу