Сауран ауданында балмұздақ өндіретін зауыт салынады

Сауран ауданында өндіріс саласын дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі жүзеге аспақ. Ауданға қарасты Еңбекші Диқан елді мекеніндегі «Дәморда» өндіріс алаңында жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын балмұздақ өндіретін кәсіпорын салу жөнінде келісім жасалды.
Осыған байланысты ЖК «TRK Trade» директоры Жарқынбек Момбеков пен Сауран ауданының кәсіпкерлік бөлімі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар өндірістік жобаны тиімді жүзеге асыру, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында бірлесіп жұмыс жүргізуге келісті.
Жаңа өндіріс орны іске қосылған жағдайда аудан тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін бермек. Сонымен қатар, отандық өнім көлемін арттырып, азық-түлік өндірісін дамытуға да оң әсер етеді деп күтілуде.
Іс-шараға қатысқан Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өңірде кәсіпкерлікті қолдау мен жаңа жұмыс орындарын ашу ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өндірістік жобалар ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттырып қана қоймай, аудан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ аудан басшысы инвесторларға қолайлы жағдай жасау, өндіріс көлемін ұлғайту және жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Бүгінде Сауран ауданында өндіріс, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын дамытуға бағытталған бірқатар инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.


