Шардара ауданында тұрғындарды ауызсумен қамту жүйелері жаңғыртылып жатыр

Шардара қаласында стратегиялық маңызы бар ауызсумен қамтамасыз ету жүйесінің негізгі нысандарының бірі саналатын су резервуары күрделі жөндеуден өтуде. Бұл нысан қаланың ауыз су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі инфрақұрылымдық жүйенің маңызды бөлігі болып табылады.
1983 жылы пайдалануға берілген су резервуары ұзақ жылдар бойы үздіксіз қызмет етіп келгенімен, уақыт өте келе оның инженерлік желілері мен техникалық жабдықтары тозған. Осыған байланысты тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып отыр.
Атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен Арман Қарсыбаев арнайы танысып, нысанның стратегиялық маңызын атап өтіп, жүргізіліп жатқан реконструкция жұмыстарына оң баға берді.
Жоба аясында су айдау сорғы жабдықтарын толық жаңарту, тозған құбыр желілерін ауыстыру, автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу және резервуардың жалпы техникалық инфрақұрылымын күшейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар су беру жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, апаттық жағдайлардың алдын алуға және су сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен атқарылуда. Қазіргі таңда негізгі инженерлік тораптарды жаңарту және технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары жалғасуда. Жоба биылғы тамыз айында толық аяқталуы жоспарланған.
Жұмыс барысын бақылау кезінде Арман Қарсыбаев мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімдердің қатаң сақталуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
Бұл жоба Шардара қаласының әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге және жалпы қаланың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама болып табылады.


