Қызметтік әдеп және жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын нығайтуға бағытталған семинар өткізілді.
Іс-шараны Департаменттің Әдеп жөніндегі уәкілі Нұрбол Көкенов жүргізіп, қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасының талаптары мен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша кеңінен түсіндірме берді.
Семинар барысында мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ашықтық пен адалдық қағидаттарын сақтау, қызметтік әдепті бұзбау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар цифрлық этика нормалары мен әлеуметтік желілердегі мінез-құлық ережелеріне ерекше назар аударылды.
Қызметкерлерге мемлекеттік қызметші мәртебесіне сай келмейтін контентті жариялау тәуекелдері туралы ескертіліп, оның ішінде ойын-сауық орындарынан, шетелдік сапарлардан, аңшылықтан түсірілген фото және бейнематериалдар, сондай-ақ алкоголь өнімдері бейнеленген контентті тарату әдеп нормаларына қайшы екені түсіндірілді. Мұндай әрекеттер мемлекеттік қызмет беделіне кері әсер етуі мүмкін екені атап өтілді.
Сонымен қатар құмар ойын орындарына бару, құмар және лотерея ойындарына қатысуға жол бермеу мәселесі де ерекше қаралды. Мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігі ескеріле отырып, жеке мінез-құлықтың қызметтік беделмен тікелей байланысты екені айтылды.
Жиын барысында қызметкерлердің қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеуі, қоғамдық орындарда әдеп нормаларын сақтауы және адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуы керектігі баса айтылды. Бұл ретте заңмен белгіленген шектеулерді қатаң сақтау – мемлекеттік қызметтің негізгі талаптарының бірі екені түсіндірілді.
Мереке күндері қарсаңында сыйлықтар, ақшалай марапаттар және мүдделер қақтығысын тудыруы мүмкін кез келген сый-сияпаттарды қабылдауға қатаң тыйым салынатыны ерекше ескертілді. Бұл талаптар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметтік әдепті сақтау мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Семинар соңында Нұрбол Көкенов мемлекеттік қызметшілерді Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын, Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтауға және қоғам алдында жоғары жауапкершілік танытуға шақырды.
Мұндай түсіндіру жұмыстары мемлекеттік қызметтегі ашықтықты арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және қызметкерлердің кәсіби-әдептік деңгейін көтеруге бағытталған маңызды профилактикалық шаралардың бірі болып табылады.


