Жетісайда жаңа өндірістер ашылып, 1200 адам жұмыспен қамтылмақ

Oinet.kz 01-05-2026

image.png

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде тұрғындардың жұмыссыздық деңгейін төмендету, халықтың табысын арттыру және әлеуметтік-экономикалық әлеуетті күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Жетісай ауданында инвестиция тарту ісі қарқынды дамып, жаңа өндірістік алаңдар қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық құрылымын әртараптандырумен қатар, әлеуметтік дамуға да тікелей ықпал етуде.

Аудан аумағында арнайы индустриялық аймақ құрылып, өндірістік парк ашу жұмыстары қолға алынған. Бұл инфрақұрылымдар шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналмақ.

Биыл аудан әкімдігі тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ниетті инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде индустриялық аймақта жалпы құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар өндірістік паркте құны 210 миллион теңгені құрайтын 5 жаңа өндіріс орны ашылмақ. Бұл жобалардың толық жүзеге асуы нәтижесінде шамамен 1200-ге жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына елеулі үлес қосады.

Аталған жобалар тек экономикалық көрсеткіштерді арттырумен шектелмей, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге де бағытталған. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы халықтың табысын көбейтіп, көші-қон үдерісін азайтуға және ауылдық жерлердің дамуын жеделдетуге ықпал етеді. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, жаңа өндірістік тізбектердің қалыптасуына жол ашады.

Жуырда аудан әкімі Серік Мамытовтың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында осы жылы іске асырылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалардың өзекті мәселелері қаралды. Жиын офлайн және онлайн форматта өтіп, оған жауапты сала мамандары мен инвесторлар қатысты. Кездесу барысында инвестициялық жобалардың негізгі бағыттары, оларды іске асыру тетіктері және кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Аудан басшысы инвестиция тарту – өңірдің тұрақты дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтіп, ұсынылған жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдаулар көрсетілуі тиіс екенін жеткізді. Осыған байланысты тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, әкімшілік кедергілерді азайту, инфрақұрылымды жетілдіру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне басымдық берілді.

Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп отыр. Индустриялық аймақтар мен өндірістік парктердің дамуы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың өмір сапасы арта түседі. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының тұрақты дамуы мен инвестициялық тартымдылығын күшейтетін маңызды қадам болып табылады.

Өңірде балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру жұмыстары күшейтілді
«Күміс жас» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу