Әлеуметтік-экономикалық өсімге серпін беретін шешімдер қабылданды

2026 жылғы 30 сәуір күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма екінші сессиясы өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін маңызды мәселелер қаралды. Бұл жиын – облыстың алдағы даму бағытын айқындап, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылданған маңызды алаң болды.
Сессия жұмысына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібіне енгізілген төрт мәселе өңірдің бюджеттік саясаты, басқару жүйесі және әлеуметтік саланың тиімділігін арттыру бағыттарын қамтыды.
Атап айтқанда, «2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер енгізу мәселесі кеңінен талқыланды. Бұл өзгерістер өңірдегі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруды күшейтуге, инфрақұрылымды дамытуға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар облыс әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерістерді келісу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша міндеттемелерді нақтылау және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.
Депутаттар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша белсенділік танытып, өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Нәтижесінде өңірдің дамуына серпін беретін тиісті шешімдер қабылданды. Бұл шешімдер әлеуметтік саланы жетілдіруге, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында маңызды рөл атқарады.
Сессия қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, қабылданған шешімдердің өңір үшін маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде облыстың жетістіктері ең алдымен халықтың бірлігі мен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта Түркістан қаласында түркі тілдес елдер басшыларының қатысуымен өтетін маңызды халықаралық жиынға дайындық барысына тоқталып, бұл шараның өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін арттырудағы маңызын ерекше атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштері оң өсімді көрсеткен. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 119,4 пайызды құрап, республика бойынша жоғары көрсеткіштердің біріне жеткен. Бұл – өңірде жүргізіліп жатқан тиімді экономикалық саясат пен бірлескен жұмыстың нәтижесі.
Жалпы алғанда, өткен сессияда қабылданған шешімдер Түркістан облысының әлеуметтік дамуын жеделдетуге бағытталған. Бюджет саясатын жетілдіру, мемлекеттік басқаруды оңтайландыру және әлеуметтік институттардың жұмысын күшейту – халықтың өмір сапасын арттырудың негізгі тетіктері болып табылады. Әкімдік пен мәслихаттың өзара үйлесімді жұмысы осы міндеттерді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта қабылданған бастамалардың нақты нәтижелері өңір тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және Түркістан облысының жан-жақты дамуына негіз болмақ.


