Сақтық – саналы қадам
Интернет алаяқтығы – бүгінгі қоғамдағы ең өзекті қылмыстардың біріне айналды. Сан алуан түрге еніп, жаңарып отыратын бұл қылмыстың басты нысаны – адам психологиясын арбау арқылы жеке мәліметтер мен қаражатты заңсыз жолмен иемдену. Әсіресе қаржы технологиялары мен цифрлық төлем жүйелері дамыған сайын алаяқтардың да әдісі түрленіп, күннен күнге жетіліп келеді.
Осыған байланысты Түркістан облысы полиция департаменті интернет алаяқтығының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың құқықтық және кибермәдени сауаттылығын арттыру.
Полиция қызметкерлерінің бастамасымен облыс аумағындағы 550-ден астам қоғамдық көлікке арнайы жадынамалар орналастырылды. Бұл жадынамаларда интернет алаяқтарының ең жиі қолданатын айла-тәсілдері көрсетіліп, одан қорғанудың қарапайым және тиімді жолдары нақты әрі түсінікті тілмен баяндалған. Жолаушылар күнделікті жүріп-тұру барысында алаяқтардан сақтанудың жолдарын оқып, қажетті ақпаратты жадында сақтауға мүмкіндік алып отыр.
Сондай-ақ облыс орталығы мен аудандарда орналасқан 90-ға жуық LED-экранда интернет алаяқтыққа қатысты арнайы әзірленген бейнероликтер тәуліктік режимде көрсетілуде. Бұл бейнероликтерде алаяқтардың кең таралған схемалары – банктен қоңырау шалушы болып, дербес мәліметтерді сұрау, жалған сілтемелер арқылы банк қосымшасына кіру, жалған онлайн дүкендер мен инвестициялық жобаларға шақыру сияқты әдістер толықтай түсіндіріліп, әр жағдайға нақты жауап пен кеңес беріледі.
«Біздің басты мақсатымыз – тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, олардың алдын алу. Қазіргі уақытта алаяқтар интернет кеңістігінде белсенді әрекет етуде. Сондықтан әрбір азамат қырағылық ең сенімді қорған екенін ұмытпауы тиіс. Ал полиция әрқашан қасында болып, қажетті ақпаратты уақтылы ұсынуға дайын», – деді түркістандық полицейлер.
Бүгінде Түркістан облысында интернет алаяқтығы бойынша тіркеліп жатқан қылмыстардың саны алаңдаушылық тудырып отыр. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс бойынша интернет алаяқтыққа қатысты 900-ге жуық қылмыстық іс тіркеліп, олардың жартысынан астамында күдіктілер ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Көп жағдайда азаматтардың өздерінің де сақтық танытпауы, белгісіз сілтемелерге өтуі, жеке деректерін оңай беруі – алаяқтардың әрекетін жеңілдетуде.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, интернет алаяқтық көбіне Instagram, WhatsApp, Telegram сияқты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалады. Соңғы уақытта алаяқтар танымал интернет-дүкендердің атын жамылып, жалған жарнамалар таратып, азаматтарды арзан тауарға сендіріп, алдын ала төлем арқылы қаржы жымқыруда.
Осыған байланысты Түркістан облысының полиция департаменті халықты барынша сақ болуға, бейтаныс сілтемелерге өтпеуге, жеке мәліметтерді, әсіресе банк картасының CVV-кодын, SMS арқылы келген құпия сөздерді ешкімге бермеуге шақырып келеді. Сонымен қатар алаяқтар көбіне «банк қызметкеріміз» немесе «қарызыңызды өтеңіз» деп хабарласып, қорқытып-үркіту тәсілін жиі қолданатыны да айтылды.
Түркістан облысы әкімдігі мен ішкі істер органдары бірлесіп киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында және еңбек ұжымдарында интернет алаяқтығына қарсы семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Балалар мен жастар арасында да бұл тақырып бойынша алдын алу шаралары күшейтілген.
Мұндай кешенді шаралар облыстың барлық аудан-қалаларында өткізіліп, әртүрлі әлеуметтік топтарға бейімделген ақпараттық материалдар таратылуда. Қоғамдық орындар, базарлар, вокзал, әуежай сынды нысандарда да арнайы ескертпе парақшалар қойылып, бейнероликтер ойнатылуда.
Интернет алаяқтығы – кез келген адамның басына түсуі мүмкін қауіп. Сондықтан да ақпараттық қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі екенін ұмытпау қажет. Құқық қорғау органдары алаяқтардан қорғану жолдарын насихаттауды жалғастыра бермек. Цифрлық дәуірде «сақтық – саналы қадам» екенін естен шығармау – интернеттегі қауіпсіздіктің басты кепілі.