Шымкент қаласында мүгедектігі бар жандардың күні аталып өтті

Oinet.kz 13-10-2023 464

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтар бүгінгі таңда қоғам өміріне белсене араластырылуда. Оларға қолдан келгенше қала билігі де көмек берілуде. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбековтың айтуынша, Қазан айының екінші жексенбісі елімізде мүгедектігі бар жандардың күні болып белгіленген.

Screenshot_86.jpg


Бүгінгі таңда қалада 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады екен. Оның ішінде 8 мыңға жуығы 18 жасқа дейінгі балалар. Оларды әлеуметтік қолдау және өмір сүру сапасын жақсарту қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басты міндеттерінің бірі саналады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып Шымкент қаласының Опера және балет театрында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.. Осы күннің құрметіне «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы шаһардағы мүгедектігі бар жандарды қуанышқа бөледі. 

Мерекелік іс-шара мүгедектігі бар азаматтардың қолөнер бұйымдарының көрмесімен басталды. Мұнан кейін қонақтар сахнаға шыққан «Шымкент шоу» театры, Опера және балет  театрының труппасы мен әншілерінің өнерін және Әлем кубогының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасы чемпионы  Айдана Мұқанова мен Қазақстан Республикасы екі дүркін чемпионы Еңлік Әбдімүтәлінің қоларба билерін тамашалады.  

– Ерекше жандар тағдыр тәлкегіне ұшыраса да сағы сынбай, түрлі салаларда еңбек етіп, жетістіктерге қол жеткізуде. Олар өздерінің ерекшелігіне қарамай, қаламыздың, еліміздің дамуына үлес қосып жүргендерін атап өткім келеді. Бүкіл әлеуметтік сала мамандарының атынан барша ерекше жандарға амандық тілеймін. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков. 

Мерекелік кешке 300-ге жуық мүгедектігі бар жан шақырылып, барлығына арнайы әзірленген сыйлықтар тарту етілді. Жалпы, жыл басынан бері әлеуметтік портал арқылы түскен өтініштерге сәйкес 28 мыңнан астам адам протездік-ортопедиялық көмек құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен және мүгедектерге арналған қоларба құралдары, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметі, шипажайларға тегін жолдамалармен қамтылды.  Сондай-ақ мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» көліктеріне 625 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілген.  

Шымкент қаласында жанкүйерлер Азия ойындарының жүлдегерлерін құрметпен қарсы алды
Қайынағам мен көрші әйелдің қылығынан мен ұялып жүрмін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу