Шымкентте 16 инвестициялық жоба іске асырылуда

Oinet.kz 19-11-2024 14

9.jpg 

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қала өмірінің маңызды мәселелері қаралып, әр саланың өзекті түйткілдерін шешуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала әкімі жылыту маусымында туындайтын мәселелерді жедел шешуді талап етті. Ол тұрғындардың өтініштеріне жылдам кері байланыс орнатуды және жылу құбырларының тазалығын сақтау жөнінде тұрақты түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті.

Мәжілісте кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Әзімбердиев өнеркәсіп саласындағы жетістіктерді баяндады. Оның айтуынша, 2023 жылдың басынан бері қала кәсіпорындары 913,9 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Жыл соңына дейін құны 78,2 миллиард теңге болатын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 1 693 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.

Биыл 1 шілдеде ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңына қол қойды. Жиында Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқарма басшысы А.Абаев аталған заңдағы өзгерістер туралы баяндады. Қазіргі таңда жаңа Заңға сәйкес жұмыс жүргізу үшін басқарманың құрылымына өзгерістер енгізілген. Шағымдарды қарау мақсатында жаңа бөлім ашылды және 1 штаттық бірлікте басшы орынбасары лауазымымен толықтырылды. Өйткені, басқармаға жыл басынан бері 2430 шағым келіп түскен.Қала әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, мемлекеттік сатып алу саласындағы барлық заңсыздықтарды тоқтатуды тапсырды.«Біз халықтың мүддесі үшін жұмыс істеуіміз керек. Мемлекеттік қаражаттың әр теңгесі ашықтықпен және тиімді жұмсалуы тиіс», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Білім басқармасының басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Дәрібаева жаңа оқу жылында оқушылардың оқулықпен қамтылуы мәселесін қозғады. Оқушылар санының көбеюіне және ескі кітаптардың жарамсыз болуына байланысты оқулық тапшылығы байқалған. Бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қолға алынған.

Қала басшысы қаланың эстетикалық келбетін жақсарту мен экологиялық ахуалын жақсарту мәселелерін көтерді. Аудан әкімдері мен жайлы ортаны дамыту басқармасына:

- Қала көшелерінің тазалығын қамтамасыз ету;

- Ағаш отырғызу жұмыстарын жандандыру;

- Қоғамдық орындарды көркейту бағытында нақты тапсырмалар берілді.

«Қала көшелері тұрғындар үшін қолайлы, таза, және жайлы болуы керек. Бұл – біздің негізгі міндетіміз», – деп атап өтті Ғабит Әбдімәжитұлы.

Аппараттық мәжілісте талқыланған мәселелер қаланың дамуын жеделдетуге бағытталған шешімдермен қорытындыланды. Әрбір басқармаға қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін жүйелі әрі нақты жұмыс жүргізу міндеті жүктелді.


Шымкент: Ең басты бағыт-сапалы инфрақұрылым
Шымкент: Тұрғындардың 50 пайызы спортпен айналысады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу