«Тазалық – иманның жартысы»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асқан «Таза Қазақстан» шарасы Шымкентте қарқынды жүріп жатыр.
Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, апта сайын ұйымдастырылатын бұл акциясының елге берері мол. Сол үшін де апта сайын және жыл соңына дейін жалғаспақ. Республикалық акциясы Шымкент қаласындағы аудандарда, шағын аудандарда, көшелер мен саябақтарда кең көлемде өткізіліп келеді. Жуырда Еңбекші ауданы әкім аппарытының бастамасымен, 12 шағын ауданыдағы Ш. Уәлиханов көшесі тазаланды.
- Таза Қазақстан акциясы күнделікті жүргізілуде.
Бүгін аудан бойынша 9 секторға бөлініп, 9 техникамен 250 ден астам адам акция аясында жұмыс жасауда. Біз тек қана қала көшелері мен өзен жағасын тазалаумен айналысып жатқан жоқпыз. «Таза Қазақстан» акциясы аясында көптеген қызықты шараларды өткіздік. Тазалық жұмыстарынан бөлек тәрбие жұмыстарына да баса назар аудардық. Өйткені жастар қоршаған ортаны қорғаудың, сақтаудың маңыздылығын жете түсінулері керек. Бүгін жинаған жер ертең қайта шашылып жатады. Осыны тыйған жағдайда нәтиже бар деп айта аламыз,-дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев.
Бүгінгі таңда қалада қоршаған ортаның тазалығына, экологияның жақсаруына, қаланың көркейіп, тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер ететін шараларға ерекше мән берілуде. Әсіресе «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтіп жатқан сенбіліктер қала тұрғындарының арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Халық даналығында «Тазалық – иманның жартысы» деген нақыл сөз бар. Қазығұрт шағын ауданындағы №86 мектептің маңында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өткізілді. Іс-шара барысында мектеп аумағы мен оның айналасындағы көшелер қоқыстан тазартылып, ағаштарға күтім жасалды. Акцияға мектеп оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар және жергілікті тұрғындар белсене қатысты. Тұран ауданы коммуналдық мекемесі мен «Шымкентспецкомплекс» ЖШС жұмысшылары арнайы техника, құрал жабдықтарымен жұмылдырылды.
-Кез келген сенбілік тек қоқыс жинаумен ғана шектелмейді. Ол адамдарды біріктіруге, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Ортақ істі қолға алған әрбір адам қала тазалығына өз үлесін қосу арқылы өзара түсіністікті, ауызбіршілікті нығайтады. Тұрғындары осы сенбіліктер арқылы ортақ мүдде жолында біріккенде, нәтижесінде таза әрі әдемі қалаға айналады. Мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор, балаларға үлгі көрсетіліп, қоршаған ортаны қадірлеуге үйретеді.
Әр сенбілік қаламыздың көркеюіне үлес қосатын қадам, ал экологиялық мәдениет қалыптастыру болашақ ұрпаққа жасаған қамқорлығымыз деп білеміз, - дейді аудан тұрғыны Айша Әлжанова.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы уақытша шара емес, бұл – ел болашағы үшін маңызды бастама. Мұндай бастамалар тек акциялармен шектелмей, тұрақты түрде ұйымдастырылып, жалғасып тұруы қажет шара.