Шымкент: Дендросаябақта жаңа жобалар жүзеге асуда

Oinet.kz 12-11-2024 56

15.jpg 

Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта демеушілердің қолдауымен бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылып, көріктендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Саябақтың кіреберіс қақпасы жанындағы аймақта қалалық әуежайдың демеушілігімен заманауи спорт алаңы салынды. Жаңа спорт аймағы қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, белсенді демалысты қолдайтын тұрғындар мен келушілер үшін тамаша орынға айналды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Соңғы үш айда саябақ аумағында бірнеше көгалдандыру және инфрақұрылымдық жаңартулар жасалды. Ескі күзет бекеттері жаңартылып, олардың орнына төрт заманауи күзет үйі орнатылды. Бос жатқан аймақтар көгалдандырылып, 400 түп қарағай ағашы отырғызылды. Бұл аумақ автоматты суғару жүйесімен жабдықталып, ағаштардың үздіксіз суарылуына жағдай жасалған.

Сондай-ақ, саябақтың «Қошқар ата» учаскесінде «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің қолдауымен жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Мұнда 60 жаңа жарықшам орнатылып, 300 метрлік кабель тартылды, бұл саябақтың кешкі уақыттағы қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырды.

Демеушілердің көмегімен жүзеге асқан осы жаңартулар саябақты демалыс үшін тартымды орынға айналдырып, келушілерге жайлы әрі қауіпсіз орта ұсынуда.

Айта кетері, Шымкенттегі дендросаябақ 1979 жылы орталық қоқыс полигонының орнында салынған. Қазақстан бойынша бүгінде екі дендрарий бағы бар. Олар Алматыда және Шымкентте. Шымкенттегі дендросаябақтың негізін қалауға сол кездегі облыстың басшысы Асанбай Асқаров өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде оның есімі аталған нысанға берілген. Дендросаябақта әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген ағаштар отырғызылған. 


«Балық берме, қармақ бер»
Шымкент: Халықаралық театр фестивалі аяқталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу