Шымкентте театрлар фестивалі жалғасуда
Шымкент қаласында өтіп жатқан Орталық Азия елдері театрларының ІX Халықаралық фестивалі көрермендерді тамаша қойылымдармен қуантуды жалғастыруда. Самарқанд облыстық музыкалық драма театры көрермендерге Әлішер Науаидің мәңгілік махаббат дастаны – «Ләйлі-Мәжнүн» қойылымын ұсынды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Асқар Холмуминов осы туынды арқылы көрермендерге мәңгілік махаббат пен қайғы-қасіретке толы трагедиялық-метафоралық хикаяны шынайы жеткізуге тырысты.
Бұл қойылым көрнекті Шығыс әдебиетінің асыл мұрасы саналатын «Ләйлі-Мәжнүн» дастанының құдіретін жаңаша ашып, Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойына арналып қойылды. Ұлы шайырлар – Дехлеви, Жәми, Науаи, Физулиге шабыт берген, махаббаттың мәңгілік және қайғылы болмысын ашқан дастанның мазмұны көрермендерге терең әсер қалдырды.
Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ІХ Халықаралық фестивальде қазақ әдебиетінің інжу-маржаны «Ұлпан» шығармасын жаңаша форматта сахналап, көрермендерді таңғалдырды. 27 жылдан кейін қайта қойылған қойылымда режиссер Гүлназ Балпеисова шығарманы бүгінгі заманмен байланыстырып, көрерменге жаңаша көзқарас ұсынды.
Шығармадағы кейіпкерлердің образы тек автордың суреттеуімен шектелмей, әр көрініс жан бітірілген. «Ұлпан» рөлін алғашында Рабина Белгібаева жас кезін, ал Толқын Нұрбекова есейген шағын сомдады. Режиссердің шетелден арнайы шақыртылған маманының көзқарасы бастапқыда актерлер үшін жаңа болғанымен, қойылымдағы заманауи элементтер, рок әуендері мен ерекше декорациялар әдемі үйлесім тауып, спектакльді ерекше қылып көрсетті.
3,5 сағатқа созылған қойылымда қазақ халқының әлеуметтік мәселелері, жер дауы, жесір дауы, қалың мал және басқа да тақырыптар қозғалды. Қойылымды көргендер оны «әлемдік сахналарды мойындатын спектакль» деп бағалады.