Шымкент: Екі «Жайлы мектеп» шәкірт қабылдауға дайын

Oinet.kz 25-10-2024 197

27.jpg 

Шымкентте Президенттің  тапсырмасы бойынша салынып жатқан «Жайлы мектептердің» алды шәкірттерді қабылдауға дайын. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Республика күні қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге қалада алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуына қатысты. Нұршуақ шағынауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға есептелген. Айта кетейік, бұл мектептерде оқушылар оқу жылының екінші тоқсанынан оқи бастайды.

Қала әкімі тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтай отырып, мектептер тапшылығы мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті болғанына тоқталды.

Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінде елімізде апатты және үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда.

Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктары бар заманауи мектептерде балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдайлар жасалған. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қарастырылған, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника сыныптарымен жабдықталған.

Қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылып, сандық бейнекамералар мен турникеттер орнатылды. Сондай-ақ, хореографиялық және төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг бар.

Жалпы, Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 жайлы мектеп ашылады. Дәлірегі Шымкент қаласы әкімдігінің білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын аясында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Оның ішінде 2000 орындық – 8 мектеп, 1500 орындық – 2 мектеп, 1200 орындық – 7 мектеп және 600 орындық 1 мектеп бар.


Шымкентте Гази университетінің филиалы ашылды
Республика күні —ұлы мереке
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу