Шымкент: Мереке қарсаңында пәтер кілттері табыс етілді

Oinet.kz 25-10-2024 189

25.jpg 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кешенді жаңғырту бойынша бірқатар нақты міндеттер белгіледі.

Президент 2029 жылға дейін республика бойынша апатты жағдайдағы 1500 тұрғын үйді бұзып, иелеріне жаңа пәтер беруді тапсырды.

Осыған орай, Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен Шымкент қаласының тұрғын үйлерін жаңарту бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта мегаполисте 2 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар, оның 70 пайыздан астамы жарты ғасырдан астам бұрын салынған және апатты жағдайдағы тұрғын үйлер. Бүгінде қалада осындай 134 тұрғын үй бар. Сүрілмес бұрын тұрғындардың толық келісімін алу керек.

Бүгін Shymkent City шағын ауданында қала әкімі бағдарлама шеңберінде тұрғындарға пәтер кілттерін табыс етті. Айналма өткеліндегі тұрғын үйлердің бірі сүрілуге жататын нысандар тізіміне енгізілген. Бұл ғимарат 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған және заманауи қауіпсіздік пен энергия тиімділігін арттыру талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай үйлер тұрғындардың өміріне ғана емес, айналадағы инфрақұрылымға да қауіпті саналады.

Бағдарлама шарты бойынша апатты үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері бірдей пәтер алады. Сонымен қатар, жаңа пәтер алдыңғысынан орташа есеппен 20 м² үлкен. Тұрғындар есептегіштерге қосымша ақы төлемейді. Тұрғын үй заманауи талапқа сай әрленген.

Бағдарламаны іске асыру азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қаланың сәулеттік келбетін жасауға, экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Республика күні қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында 304 отбасы қоныс тойын тойлады. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.

Ұлық мереке қарсаңында пайдалануға берілген Бозарық шағын ауданында орналасқан баспаналарды тұрғын үй кезегіндегі азаматтар Отбасы банк арқылы «2-10-20», «5-10-20» бағыттары бойынша несиелік негізде рәсімдеген. Жаңа қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.

Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар халқымыздың жайлы өмір сүруіне тікелей бағытталуда. Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 311 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізген болатын. Жыл соңына дейін тағы 4 мыңнан астам пәтер беру жоспарлануда.


Шымкент: Жеке медициналық кітапшалар электрондық нұсқада жүргізіледі
Шымкентте Гази университетінің филиалы ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу