Шымкент: 21 оқушы «Абай оқуларының» жеңімпазы атанды
Шымкентте жас жеткіншектерді көркем әдебиетке, Абай мұрасын зерттеуге шақыратын «Абай оқулары» байқауының қалалық кезеңі мәресіне жетіп, жарыс жеңімпаздары марапатталды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Қаратау дәстүрлі өнер» мектебінде «Абай оқулары» қалалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Байқаудың мақсаты – жаңа буынның интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру, дарынды оқушыларды және ұстаздарды қолдау. Биылғы байқауда жалпы 245 665 оқушы қамтылды.
Шымкент қаласы білім басқармасы қала әкімдігінің қолдауымен 1-10 сынып оқушылары арасында «Абай оқулары» байқауын өткізген болатын. Абай шығармашылығын насихаттау, оқушылардың классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлы ақынның поэзиясын, рухани мұрасын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға жалпы 245 665 оқушы қатысты. Байқау сыныпішілік, мектепішілік, аудандық және қалалық кезеңдерді қамтыды.
Іс-шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек аудандық және қалалық кезеңнің жеңімпаздарын құттықтап, қаржылай сыйлықтарын табыс етті. Абайды оқыған бала нағыз патриот болып өсетінін, аталған байқауды кеңірек насихаттау керек екенін айтты. Ендігі ретте балаларды көбірек қатыстыру басты назарда болуы тиіс.
Бұл жолғы білім бәйгесіне «Al-Farabi Bilim» және “FinBridge International School” мектептерінің бас құрылтайшысы Есбол Қамбаров демеушілік етті. Есбол Әуесбекұлының демеушілігімен жеңімпаз оқушылар мен олардың ұстаздары қаржылай сертификаттарға ие болды.
Қала әкімінің орынбасары дарынды жастарға қолдау көрсеткен азаматқа алғысын жеткізді.
Айта кетсек, байқау барысында қатысушылар А.Құнанбайұлының шығармаларын жатқа мәнерлеп оқыды. Қазылар алқасының шешімімен 21 оқушы қалалық кезеңнің жеңімпазы атанды.