Шымкент: Ту тапсыру шарасы өтті
Шымкентте Қорғаныс министрлігінің 35748 әскери бөлімінде аумақтық қорғаныс бригадасына Жауынгерлік Туды тапсыруға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Тапсыру рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, бөлім командирлері, Шымкент гарнизонының әскери қызметшілері, ардагерлер, сондай-ақ «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы мен «Алан» халықаралық мектебінің оқушылары қатысты.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әскери қызметшілерді құттықтап, Қазақстан Республикасының Президенті — ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың грамотасының мәтінін оқыды.
«Жауынгерлік ту әрбір әскери қызметшіге Отанды қорғаудың батырлық дәстүрлері мен қасиетті борышын еске салады. Жауынгерлік ту-әскери бөлімнің тарихы мен сіңірген еңбегінің, сондай-ақ оның Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне тиесілілігінің куәлігі. Әскери ар-намыс пен ерліктің, даңқтың нышаны әрқашан биікте желбіресін»,-деді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары өзінің құттықтау сөзінде Жауынгерлік Туды тапсыру әрқашан үлкен құрмет пен мақтаныш екенін атап өтті.
Айта кетері, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
-- Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы Күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс,-деп атап өткен болатын.