Шымкентте Дүниежүзілік тазалық күні аталып өтті
Жыл сайын әлемде қыркүйектің үшінші аптасында Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup day) атап өтіледі. Бұл датаны биыл шымкентітктер де атап өтті.
Дүниежүзілік тазалық күнін атап өтудегі негізгі мақсат – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару.
Шымкентте бұл атаулы күн биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шарасымен орайластырылып өткізілді. Әл-Фараби ауданы аумағында Қошқар ата өзенінің бойында тазалық шарасы ұйымдастырылды.
Үшінші мегаполистің мақтанышына айналған өзеннің жағалауын тазалауға қала жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері қатысты.
– Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Қошқар ата – суы мөлдір, таза әрі шипалы өзен. Өзеннің бастау алатын тұсына барып көрсеңіз оның суы қаншалықты таза екеніне көз жеткізесіз. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы.
Егер өзеннің жағалауы мен сағасын үнемі таза ұстай білсек, Қошқар атаның суы бүкіл қаламыздан осындай тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ағып өтер еді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді, – деген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қаруға шақырды.
Мегаполистің Абай ауданында да Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы Дүниежүзлік тазалық күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралармен жалғасын тапты.
Ынтымақ шағын ауданында орналасқан әуежайдың жаңа терминалының маңында тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған Шымкент қалалық «Жасыл ел» еңбек жасақтары, ерікті жастар мен тұрғындар белсенді түрде қатысты.
Іс-шараға қатысушылар шағын ауданындағы тұрғын үйлердің аулаларын ретке келтіріліп, күл-қоқыс пен қалдықтардан мұнтаздай етіп тазалап шықты.
Іс-шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Бәшенов күнделікті өмірде тазалықты сақтау азаматтардың туған жерге, өз қаласына деген жанашырлығының көрсеткіші екенін айтты. Ол қала тұрғындарын, әсіресе, жастарды экологиялық мәдениетті сақтауға және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға белсенді түрде қатысуға шақырды.