Еңбек адамының мәртебесі жоғары болуы тиіс
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа арнаған Жолдауында:
-- Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек,--деп атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланып, жұртшылық оған қатысты пікір білдіруде. Солардың бірі
Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Бауыржан Шораев былай дейді:
--Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің жарқын болашағына бағыт-бағдар беретін жаңа Қазақстанды әлем кеңістігіне нық басуға, халқымыздың бірлігін нығайтып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай шешуге нақты іс-әрекеттер көрсетілген Жолдау деп білемін. Президентіміз өз Жолдауында «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздар өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуы тиіс» деді. Біз әскери тәрбиешілер бүгінгі таңда осы негізде заң мен тәртіпті нығайту бойынша жұмыстарды күшейтіп, нығайту үстіндеміз. Әрбір ата-ана өз балаларын біздерге аманат етіп тапсыруда, сол аманатқа қиянат жасалмастан, азаматтық борышын алаңсыз атқару үшін ұдайы заң мен тәртіпті жоғары қойып қызмет етіп келеміз. Әскери бөлім аумағында жолдаудың түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бізге артылған сенім мол. Ұлттық ұланның әрбір жауынгері сол сенімді сезініп, артылған азаматтық борышын абыроймен атқаруға дайын! Сөзімді қорыта келе, біз Президентіміз Жолдауында көрсеткен әрбір тапсырманың орындалуы үшін аянбай қызмет етеміз!