Шымкент: Ардагерлер Жолдауды талқылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа арнаған Жолдауында:
--Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз. Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр.
Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр,--деп атап өтті.
Мемлекет басшысының Жолдауы қазір жер-жерде қызу қолдау тауып жатыр. Алдыңғы толқын аға буын да, кейінгі толқын жастар да Жолдау бағыттарын жан-жақты талқылауда.
Осыған орай Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов және пленум мүшелері, бірқатар бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында ҚР президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауы бойынша насихат жұмыстары жүргізілді. Сәрсен Абайұлы мен Бахадыр Нарымбетов ел үшін жасалып жатқан маңызды қадамдарға тоқталып өтті.
Одан әрі жиынға қатысушылар сөз алды. Жиынға қатысушылар Жолдаудағы талқылауға түспейтін, тек орындалуы керек тапсырмаларын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Жолдаудағы өндіріс көлемін ұлғайту, кәсіпкерлерге берілетін салықтық жеңілдіктер экономиканы көтеруге ықпал ететініне тоқталды.