"Coca-Cola" Шымкенттен шығады
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдері және басқарма басшыларымен бірге қаланы жаяу аралап, көше мен аулалардың санитарлық жағдайын тексерді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, Темірлан тас жолы, Жандосов, Адырбеков, Рысқұлов, Жібек Жолы көшелері және “БМК” каналы, “Түркістан (БАМ)” шағынауданы, 18-шағынаудан, “Мирас” және “Шапағат” шағынауданындағы санитарлық жағдаймен танысты.
“Айқап” көшесі бойындағы “Түркістан” шағынауданында жүргізіліп жатқан кәріз желілерінің құрылыс барысын көрді. Тексеру нәтижесінде мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмыс сапалы және уақытылы аяқталуы қажет екенін ескертті.
Сонымен қатар, Сасбұқаев көшесінен Адырбеков көшесіне дейінгі аралықта Жандосов көшесінің құрылыс жобасын қайта қарауды тапсырды. Себебі тұрғын үйлердің бұзылуына жол бермеу қажет.
Аралау қорытынды бойынша аудан әкімдіктері мен басқарма басшыларына көше мен аулалардың тазалығын қатаң бақылауға алып, қоқыстың уақытылы шығарылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласындағы сауда-логистикалық орталық аумағында «Coca-Cola Kazakhstan» сусын өндіру зауытының салтанатты ашылуына қатысты. Мегаполис басшысы бұл жобаның қала дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
«Инвестициялық климатты жақсарту - мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі. Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды, сондықтан әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз», – деді Ғ. Сыздықбеков.
Жобаның құны 27 млрд теңге, ал жылдық өндірістік қуаты – 283 млн литр өнім. Кәсіпорын 150-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Компанияның өнім ассортиментіне газдалған және газдалмаған сусындар, салқын шай және әртүрлі көлемдегі шырындар бар.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының арқасында жыл сайын жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейіп келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 661,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты.