Шымкент: Әскерилер Отбасы күнін атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
-- Отан қорғау – қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет. Халқымыз антына адал, сертіне берік перзенттерін ерекше қадірлейді. Мемлекет туған жері үшін аянбай еңбек етіп, әскери қызметке бүкіл ғұмырын арнаған отансүйгіш перзенттерін жан-жақты қолдауға айрықша мән береді. Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу. Армия – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, Тәуелсіздігіміздің кепілі,--деп атап өткен болатын.
Шымкентте әскерилер өздерінің отан алдындағы парызын өтеумен бірге тағылымды мәдени іс-шаралардан да шет қалмайды.
Қаладағы 6698 әскери бөлімінде Отбасы күні мерекесіне байланысты әскери қызметшілердің отбасына арнайы мәдени-демалыс шарасы ұйымдастырылды.
Мәдени-демалыс шарасы табиғаттың ортасында Шымқаладағы Дендросаябағында өтті. Жауынгерлеріміздің жанұялары үшін ұйымдастырылған шараға бөлім басшылығы мен барлық әскери қызметшілер ұл-қыздарымен, ата-аналарымен, бауырларымен келді.
Алдымен бөлім командирі подполковник Нұрлан Сакибеков барлық әскери қызметшілердің отбасын мерекемен құттықтап, әрбір әскери қызметшінің жауынгерлік ортада, әскери қызметте үздік, қырағы қызмет атқаруына алдымен отбасындағы ананың, әйелдің ықпалы, көмегі зор екенін айтып оларға үлкен алғыс білдірді.
Отбасындағы татулық пен бірлікті дәріптеуге арналған мәдени шарада әскери қызметшілердің жанұялары арасында спорттық, отбасылық сурет салудан жарыс ұйымдастырылды, өнерлі балалар тақпақ, ән айтып мәз-мейрам болысты.
Шара соңында белсенділік танытқан әскери қызметшілердің отбасына, сайыста жеңімпаз болғандарға және балаларға бөлім командирінің арнайы дипломдары мен сыйлықтар табысталды. Табиғат аясындағы тамаша мерекеге куә болған әскери қызметшілеріміздің отбасы бөлім басшылығына алғыстарын жаудырды. Мәдени демалыс шарасы табиғат аясындағы балаларға арналған мерекелік дастарханмен аяқталды. Айта кетейік бұл игі дәстүр әскери бөлімде жыл сайын жалғасын таппақ.