Шымкент: Тұрғын үйлер жаңа кейіпке енуде

Oinet.kz 04-09-2024 268

7.jpg 

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасына сәйкес мегаполистегі тұрғын үйлердің қасбеттері жаңа кейіпке енуде.  Қаланың басты көшелерін бірыңғай стильде дамыту мақсатында 62 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылуда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл бастама қала тұрғындарына эстетикалық жағымды орта құруға бағытталған және Шымкенттің заманауи қалалық бейнесін нығайтуға үлкен үлес қосады.

Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 46 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті қазірдің өзінде ретке келтіріліп жатыр. Қалған 16 тұрғын үй бойынша мердігер мекемелер анықталып, оларға қажетті келісімшарттарды жасау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Жұмыстардың жоғары сапада және уақытында аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында жауапты органдар үнемі қадағалап отырады.

Бұл маңызды жоба - қаладағы үш ауданның тұрғын үйлерін қамтиды. Атап айтқанда, Әл-Фараби ауданында - 32 көпқабатты тұрғын үй, Қаратау ауданында - 18 үй, ал Тұран ауданында - 12 үйдің қасбеті жаңартылатын болады.

Сондай-ақ, биыл мамыр айынан бастап қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен 14 санаттағы азаматтарға, атап айтқанда I және II топтағы мүгедектерге, 70 жастан асқан зейнеткерлерге, 7 жастан 17 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына қалалық бағыттар бойынша тегін жүру қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда қалада 250 мыңнан астам жолаушы қоғамдық көліктерде тегін жүреді.

Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жеңілдетілген көлік карталарын шығару және сату бойынша 5 пункт ашылды. Сонымен қатар, жолаушылардың сұраныстары мен өтініштері ескеріле отырып, биылғы жылы 39 бағыттың қолданыстағы қозғалыс схемаларына өзгерістер енгізілді. Барлық шағынаудандар мен тұрғын алабтар, соның ішінде шалғайда орналасқан елдімекендер толық қоғамдық көліктермен қамтылған.

Сондай-ақ, Шымкентте жыл басынан бері жеке кәсіпкерлердің меншігіне өткен бірқатар нысандар мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Кезекті мемлекет меншігіне өткен мекемелердің бірі - №13 қалалық емхана мен №2 қалалық емханалары.

Медициналық мекемелерге осы күнге дейін 45 мыңнан аса адам тіркелген. 2021 жылы жеке кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген. Келісім шарт бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс болған. Алайда, жөндеу жұмыстары толық орындалмаған. Сапалы медициналық қызмет көрсетілмегендіктен, емхана жұмысына науқастар да жиі шағымданған.

Қазіргі таңда қажетті жаңа жабдықтар бюджет есебінен сатып алынып, №13 қалалық емхана аккредиттеуден өтті.


Әскерде заңдылық пен тәртіп болуы тиіс
Шымкент: «Бірлік керуені» жолға шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу