Басты мақсат—көшпенділік рухты дәріптеу

Oinet.kz 21-08-2024 573

15.jpg 

Шымкентте 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ерекше шара өтті. Бұл жолы қаланың спорт мектептерінің қызметкерлері мен олардың жанұялары жеңіл атлетикалық манежде бас қосып, отбасылық эстафета сайысына қатысты. Жарысқа барлығы 20 отбасы қатысты, және бұл сайыс бұрынғыдан ерекше болды. Бұл шараның мақсаты - көшпенділердің рухы мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қалалық №1 спорт мектебі директорының орынбасары Қанат Орақбаев жарысты салтанатты түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыс 5 кезеңнен тұрып, отбасылық эстафета, ұзындыққа секіру және басқа да спорттық бағдарламалармен қызықты өтті.

Ең үздік нәтижелер көрсеткен отбасылар бағалы сыйлықтар, медальдар және кубоктармен марапатталды. Сонымен қатар, қалада осы мерекелік шара аясында тоғызқұмалақ, теңге ілу, арқан тарту сияқты ұлттық спорт түрлері де насихатталды.

Отбасылық эстафета тек спорттық жарыс қана емес, бұл күннің басты мақсаты – салауатты өмір салтын ұстану, ұлттық мұра мен дәстүрлерді дәріптеу. Алдағы уақытта да мұндай шаралар өз жалғасын табады және әрбір отбасы мен қала тұрғынына шабыт беретін жарқын сәттер сыйлайтын болады.

2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары - Орталық Азияның көшпелі халықтарының дәстүрінен бастау алатын этникалық спорт түрлерін көрсететін бірегей халықаралық спорттық іс-шара өтеді. Бұл шара этноспорт пен этномәдени қозғалыстың дамуына ықпал етіп, оларды адамзат өркениетінің маңызды бөлігі ретінде атап өтеді. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Қазірдің өзінде, елімізде өтетін Көшпенділер ойындарына 73 мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірді.


Шымкентте жатақхана тапшылығы жоқ
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі шымкенттіктермен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу