Өнімдеріне 25 жыл кепілдік береді

Oinet.kz 19-10-2024 27

image.png

Қазіргі таңда Түркістан қаласында 22 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 1759-ы – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар болса, қалған 19 мыңға жуығы жеке кәсіпкерлер болып табылады. Айта кетерлігі, қала аумағында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан 380-ге жуық шаруа қожалығы бар. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамыту – Мемлекет басшысының қойып отырған басты міндеттерінің бірі. Бұл тұрғыда Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне барынша  қолдау көрсету  бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін көптеген қолдау түрлерін жан-жақты түсіндіріледі. Мәселен, соның бір бағыты  - бізде қолға алынған «Кедергісіз кәсіпкерлік»  жобасы. Оның мақсаты – Түркістан қаласындағы кәсіпкерлердің жаңа жобаларына қолдау көрсету. Жаңадан кәсіп ашуға ниет білдірген  азаматтарды саласына, бағытына қарай топтастырып, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу.  Кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетін азаматтарды қаланың индустриалдық аймағында, арнайы экономикалық аймағында кәсібін өрге домалап тұрған цехтар мен  зауыттарды аралатады.  Тәжірибелі кәсіпкерлер кеңесін беріп, жұмысты жолға қою бойынша консультация береді. Мамандар тарапынан жаңа кәсіпті ашу үшін қандай құжаттар жинау керектігін, қай мекемеге бару қажеттігін тәптіштеп түсіндіріледі. 

Тамыры тереңде жатқан Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орта ғасырларда бой көтерген  ең керемет сәулет өнерінің бірі саналады. Ғалымдар тарихи нысанның ғасырлар бойы сақталуы оның құрылыс материалдарының беріктігінде, сапасында дейді. Расында Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан кент ежелден-ақ құрылысқа қажетті заттарды жасайтын ұсталардың ордасы болған. Заманауи қалада сол кезіндегі ағаш, темір ұсталардың жолын жалғап отырған бүгінгінің тілімен айтқанда мамандар жетерлік. Ия, шаһарда қазіргі таңда құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көп.  Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістанда өндірілетін құрылыс материалдарын құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлердің көбірек көлемде пайдалануын қамтамасыз ету назарға алынған.  Қалада өндіріліп жатқан құрылыс материалдарының ассортименті жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Айталық темір-бетон бұйымдары, кірпіш, есік, терезелер шығарылады. Олар қаламыздағы құрылыс жұмыстарында кеңінен пайдаланылуда. Шаһарда орналасқан   «Elite Fasade» кәсіпорынының өнімдерін де қаладағы зәулім ғимараттардан, мекемелерден кездестіруге болады. Ашылғанына 2 жыл уақыт болған зауыттың өнімдері жеке тұрғын үй иелері арасында да сұранысқа ие. 

Жобалық құны 15 миллион теңгені құрайтын зауыт заманауи, жаңа, қазіргі таңда трендке айналған құрылыс материалдарын шығарумен айналысады. Сұранысқа ие өнімдерінің бірі - термопанель. Айналамыздан күн сайын көріп жүрген әсем, дизайны ерекше, хай тек стиліндегі ғимараттардың қасбеті міне, осы құрылыс материалы болып саналады. Өнімнің сапасы да, келбеті де келісті болғандықтан сұранысы көп.  

«Термопанель ғимараттардың, үйдің сыртына қапталатын материал. Өте берік болады. Өнімнің сапасына кепілдік береміз. Қаладағы мекемелерден сондай-ақ жеке тұрғын үйлерден тапсырыстар түседі. Біз тұтынушылармен тікелей жұмыс істейміз. Арада делдалдар жоқ. Сондықтан бағасы қолжетімді. Тапсырыс берушімен кеңесе отырып, қалауына қарай өнімнің түсін, өлшемін жасап береміз. Біздің термопанельдерді орнату аса қиын емес. Арнайы жабыстыратын желімі болады. Кафель жабыстырғандай желімін жағып жабыстырып шығады. Өзіміз өндіретін желімге де кепілдік бере аламыз»,- дейді кәсіпорын басшысы Қанат Жанатов.

Аталған өнімнің күтімі жақсы болса 15 жылға дейін шыдас беретін көрінеді. Әрі үйдің сыртына ерекше әсемдік береді.  Мұнда термопанельдің 10 нұсқасы әзірленеді. Жасалуы 5 кезеңнен тұрады. Алдымен өнімге қажетті қоспа дайындалады. Негізгі құрамында цемент болатын қоймалжың қоспа әрі қарай әртүрлі өлшемдегі қалыптарға құйылады. Олар температурасы 230 градусты құрайтын бөлмеде кептіріледі. Кептіріліген жартылай өнімнің бетіне грунтовка шашылады. Соңында барып боялады. Бояу кезеңінің де өзінің тәртібі бар. Процесс кезінде ауа температурасының орташа, қалыпты болғаны маңызды. Қатты ыстық немесе салқын болмағаны жөн. Сонда ғана бояу оңып кетпей ұзақ уақытқа шыдайды екен. Дайын өнімді сумен жуып, шаюға болады. Бұл оның сапасының төмендеуіне  еш әсер етпейді.

Егер термопанельді тұтынушы өзі орнататын болса қосалқы шығынсыз құны 2500-3000 теңге аралығында болады. Ал егер құрылысшы топтарға жүгінетін  болса олар ғимарат қабырғасының шаршы метріне 10-12 мың теңге аралығында қаптап береді. Зауыт тұтынушыларға толыққанды қызмет көрсету мақсатында тек өндіру жұмыстарымен ғана емес сонымен қатар сервистік қызмет көрсету орталығын да ашқан. Аталған орталықта мамандар  3D визуализация  жасайды. Яғни  үйдің болашақ келбетін,түсін,формасын алдын ала 3 D вариантта жасап береді. Сондай-ақ тұтынушыға қанша мөлшердегі құрылыс материалы қажет екенін өлшеп, бағасын да есептеп береді. Тіпті өздері орнатып, қаптап та береді. 

 «Бізге келген жаңа жұмысшылардың барлығын өзім қабылдап алып, жұмыс барысын толық үйретемін. Аз уақытта өзім секілді ұста етіп шығарамын. Зауытта жұмыс процесі аса ауыр емес, қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Тұтынушыларымыз осы күнге дейін шағым айтқан емес. Керісінше ризашылықтарын білдіріп жатады. Тұраұты клиенттеріміз көп.  Алдағы уақытта кәсәпорын кеңейіп жатса күніне 300-400 шаршы метр өнім шығаратын боламыз»,- дейді кәсіпорын ұстасы Заңғар Сапаров. 

Фасадтық термопанельдердің негізі  2 түрі болады. Фибробетоннан және   мраморлық құмнан жасалғаны. Жоғарыта атап өткеніміздей өндіріс орны өнімді фибробетоннан жасайды.  Оның екінші түріне қарағанда артықшылықтары көп дейді мамандар.  Тарқатып айтар болсақ мраморлық термопанельдердің қорғаушы қабаты 2 мм құрайды. Қабаты қалың болмағандықтан механикалық әсерлер мен ауа-райы қолайсыздығына төзімділігі төмен болып келеді. Ал  фиброцементтен жасалған фасадтың қорғаушы қабаты 2 см болғандықтан кез-келген ауа райы және механикалық әсерлерге төзімділігі өте жоғары. Мраморлық құман тағы бір айырмашылығы фиброцементті  кез келген түсте бояп,  кез келген дизайнда  үй иесінің талғамыңызға сай етіп жасауға болады. 

Негізінен тұтынушылар құрылыс барысында жаңа өнімге күдікпен қарағандықтан қарапайым кірпішті қолданғанды құп көреді. Алайда  фасадтық термопанельдер  кірпішке қарағанда тиімділі көп дейді мамандар. Біріншіден,  кәдімгі кірпіш түстердің шектеулілігіне, яғни көп таңдау жоқ, және басқа материалдарға қарағанда қымбаттырақ болады. Себебі: м² сізге шамамен 52 ден аса кірпішті қажет етеді. Кірпіш үйді салу көп уақытты қажет етеді және мұндай үйдің салмағы да ауыр, мысалы, 1 м² салмағы 52 дана * 2,5 = 130 кг.  Ал фасадтық термопанельдерге келсек, ол кірпішке қарағанда жеңіл (салмағы 1 ш.м. 4шт * 7,5 = 30кг) және оны өз арманыңыздағы кез келген түске бояй аласыз!  Фасадтық термопанельдерді орнату арқылы сіз  уақытыңызбен пен ақшаңызды үнемдей аласыз. Әрі «Elite Fasade» кәсіпоры өнімге  25 жыл кепілдік береді.

Қазір мұнда 9 маман еңбек етеді. Олар тәулгініне 200 шаршы метр термопанель жасайды. Кәсіпорында одан өзге  сайдинг, металлокассета, террасалық тақталар, линеарлы панельдер, декор панельдер секілді құрылыс материалдары өндіріледі.  Террассалық тақталар негізінен террассалар үшін, көбінесе едендер үшін, бірақ кейде қабырғалар үшін де қолданылады. Бұл материал берік және ылғалға төзімді. Өндіріс орнында террасалық тақталар 3д фактура, шынайы ағашқа негізделіп жасалады. Қалыңдығы 22 мм ден 28 мм ге дейін болады. Ені 35 мм ден 47 мм дейін. Ұзындығы 1,5 метрелен 6 метрге дейін болады.  Салқында 45 градуста , ыстықта 75 градуста өзінің формасын толықтай сақтайды.  

Зауыттың өнімдері облыстың барлық аудан, ауылдарына тарайды. Кәсіпкер енді өз өнімдерімен  республиканың өзге де облыстарын, қалаларын қамтысам деп отыр. Сондай-ақ   өнім түрлерін көбейтіп, жұмысшылар санын арттыруды көздеуде.  Кәсіпкер ол үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ниетті. 

Бүгінде Түркістан қаласы нағыз құрылыс алаңына айналған. Өңірде 145 мың шаршы метрді құрайтын 191 үй салынады деп жоспарланған. Олардың басым бөлігі жыл соңына дейін аяқталмақ. Ел туризмінің локомативіне айналған Түркістан қаласында ғимараттар келбетінің келісті болуы шарт. Сондықтан нысандардың қасбеті көзтарттарлық, сапасы берік болуы қажет. Күн санап өсіп келе жатқан шаһарға  құрылыс заттарын шығаратын кәсіпорындар көптік етпейді. Бұл құрылыс саласына ғана емес сондай-ақ шаһардың әлеуметтік эконокикалық жағдайына да оң әсер етеді. Жаңа жұмыс орындары пайда болады. Ал жұмыс бар жерде халықтың тұрмысы да түзелетінін анық. 

Биыл Түркістан қаласына 390 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту көзделген. 8 айдағы көрсеткіш жоспар толығымен орындалып, 178 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген болса, нақты көрсеткіш 189 миллиард теңгені құрап отыр.    

Трамп Харриске қарсы: 2024 жылдың соңына қарай биткоин 100 мың долларға жетуі мүмкін бе?
Түркістанда мектеп формалары тігіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу