Облыс орталығында бу-газ қондырғысы салынатын болады
Түркістан қаласында 500 МВт болатын бу газ қондырғысы салынатын болады. Ауқымды инвестициялық жоба «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясына тиесілі. Жоба бойынша қазіргі таңда жұмыстар басталған. «Аталған жоба қала экономикасының дамуына үлкен әсер ететін болады. Ол бізге қосымша жұмыс орындары сонымен қатар әрине ол салық көздері артатын болады. Бұл инвесторлармен жұмыс жасап келе жатқанымызға көп уақыт болды. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына сәйкес біз былтыр Қытай халық республикасына 4 іс-сапар, биыл 2 іс-сапар жасаған болатынбыз. Соның нәтижесінде осы инвесторлар қазіргі таңда Түркістан облысына келіп өз инвестицияларын салуда»,- дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбай.
Түркия және Корея Республикасы мен Қытай Халық Республикасынан өңірге инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстарды күшейту үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған Түркістан облысы делегациясы, кейін аудан және қала әкімдіктері, бизнес өкілдерімен бірлесе Қытайға іс-сапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде көрші елдің жаңа технологиясы мен қытайлық инвесторлардың капиталымен бірқатар жобалар бастау алды.Сонымен қатар бұл елмен ІТ саласында тәжірибе алмасу, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, озық технологиямен қамту, терең өңдеу, білім, мәдениет, туризм, Түркістан қаласындағы әуежайдың логистикалық әлеуетін пайдалану, әуе рейсін ашу және өзге де мәселелерде әріптестік орнату бойынша келіссөздер жүргізді. Түркістан облысымен бірқатар провинция арасында бауырластық, достық қатынастарды орнату туралы меморандумдарға қол қойылды. Онымен қоса, облысқа шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында көкөніс қоймасының құрылысы, құрылыс материалдар өндіру зауытының құрылысы, аурухана ашу, ірі қара мал терісін өңдеу өндірісін ашу, жиһаз шығару, дрондарды құрастыру және санитарлық-гигиеналық материалдарды өндіру зауытын ашу секілді бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Сонымен қатар «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясы облыс орталығынан құны 274 миллион теңгені құрайтын 5 жұлдызды қонақ үй кешені мен заманауи аквапарк кешенін салуға ниетті. Аталған жобалар Түркістан қаласы үшін маңызды. Туризмі өркендеп жыл сайын келушілер саны артып жатқан шаһарға аталған жоба тың серпіліс бермек. Қазіргі таңда облыс әкімдігі ғимаратынан солтүстік шығыс бетте орналасқан арнайы экономикалық аймақтан 11,8 гектар жер учаскесі нақтыланып отыр. Келіссөздер оң нәтиже беріп, межесіне жетсе 18 қабатты қонақ үй және вилла кешенінің құрылысы басталмақ.
«Іскерлік кеңестік қорытындысымен Түркістан қаласымен қатар облысқа үлкен серпін беретін экономикалық әлеуеттік жағдайын жақсарта түсетін 4 маңызды жобаға қол қойылды. Олардың инвестициялық құны шамамен 1,5 миллиард доллардан жоғары болмақ. Жобалардың бірі Түркістан қаласында салынатын 5 жұлдызды қонақ үй, сондай-ақ авкапарк кешені салынатын болады. Инвесторға қажетті жер телімін анықтап қойдық. Қазіргі таңда инвестор жұмыстарын бастау үстінде»,- дейді Самат Көшкінбай.
Компания сонымен қатар Түркістан облысында ПВХ құбыр шығаратын зауыт, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт, 2 мақта өңдеу зауытын, Түркістан қаласында орналасқан «Turan» арнайы экономикалық арнайы экономикалық аймағында жіп иіру фабрикалары мен бояу және әрлеу фабрикасын және тігін фабрикасы сияқты инвестициялық жобаларын іске қосуды жоспарлауда. Мемлекет басшысының қомақты қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы да айрықша назарда. 2024-2027 жылдар аралығында 2,1 триллион теңгеге 145 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.