Мұрат Әбенов: 60 шақырымнан жылдамдықты асырғандарға ішімдік ішкендермен бірдей жаза қолдану қажет
Қазақстанда жылдамдықты шектен тыс асырған жүргізушілерге қатысты жаза күшейтілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Үкімет кулуарында мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, соңғы жүргізілген рейдтердің нәтижесі алаңдатарлық. Небәрі үш күннің ішінде 5 мыңға жуық құқық бұзушы анықталған. Олардың арасында мемлекеттік нөмірсіз, жалған нөмірмен жүрген немесе жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар бар.
«Бұл тек рейдтің нәтижесі ғана. Сонда бұған дейін мұндай заң бұзушылықтар неге анықталмаған? Демек, бақылауда кемшілік бар. Кеше министр жағдайды өзі тексеріп, бірқатар қызметкерді қызметінен босатты. Қазір тексеру жұмыстары күшейтілді», – деді Мұрат Әбенов.
Сондай-ақ ол жол қозғалысын бақылауда камераларға шамадан тыс сенім артылып кеткенін атап өтті. Оның пікірінше, айыппұл жүйесі көбіне қарапайым халыққа әсер етеді, ал ауқатты азаматтарға оның ықпалы төмен.
«Қымбат көлік мінгендер айыппұлды елемейді. Айына миллиондаған теңге төлесе де, жол ережесін бұза береді. Тіпті оны “проездной” сияқты көреді. Бұл заңдағы олқылықты көрсетеді», – деді депутат.
Осыған байланысты Әбенов жылдамдықты 60 шақырымнан артық асырған жүргізушілерге мас күйінде көлік жүргізгендермен тең жаза қолдануды ұсынатынын жеткізді. Сонымен қатар, ол қалалар ішінде заңсыз жарыс ұйымдастыруды (стритрейсинг) қылмыс ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
Айта кетейік, 21 наурызда Алматыда болған жол апаты салдарынан үш адам қаза тапқан еді. Куәгерлердің сөзінше, қайғылы оқиға алдында Zeekr 9X маркалы көлік басқа автокөлікпен жарысқа түскен болуы мүмкін.


