Алексей Ни Қазақстан неге алтын алмағанын түсіндіріп берді
Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасын 22 жыл жаттықтырған Алексей Нимен ЭК тілшілері сұхбаттасып, Токио Олимпиадасы және немен айналысып жүргенін сұрады.
Ол ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын 1994-2016 жылдары баптады. 2016 жылы Рио Олимпиадасынан кейін қызметінен кетті. Нидің тұсында Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан Олимпиададан алты алтын, бес күміс, төрт қола медаль жеңіп алған. Бірақ допингтік тексерістен кейін біразын қайтарып бердік. Қазіргі кезде сол алты алтынның тек екеуі қалған.
— Екі спортшы барды, екеуі де жүлде әкелді. Оларға қандай кінә тағамыз. Артылған сенімді ақтады деп ойлаймын. Алтын алмағанымызды айтып тұрсаңыз, жалғыз ауыр атлеттер емес, басқаларына да алтын бұйырған жоқ. Қазақстан сегіз қола медальмен шектелді. Миллардтаған қаржы бөлініп жатқан боксшылардан чемпион шықпаса, бар-жоғы екі спортшы барған ауыр атлеттерден алтын күту қиын ғой, - деді Алексей Ни.
Сонымен қатар, ол қазір қайда жүргенін айтты.
— Осы күні Алматы қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығының ауыр атлетика бөлімінде қызмет етемін. Қызметім — бапкер-консультант. Білген түйген тәжірибемді жастарға үйретемін, ақыл-кеңесіммен бөлісемін. Дарынды жастар өте көп. Қазақстанда әу бастан бұл спорт түрінен дарынды балалар жетерлік. Қазірде олардың бір топ ізбасарлары өсіп келеді. Ұлттық құрамадан кеткен соң, көп уақытымды отбасыма арнайтын болдым, - деді ол.