Ерлан Айтаханов Ербол Садырға «адвокат» болды

Screenshot_14.jpg

Депутаттық ай-хай дәуреннің аяқталып келе жатқанының арқасы ма, әлде біз білмейтін бір сыр бар ма, әйтеуір соңғы кездері әншейінде бір-бірімен әзілдесіп ойнап-күліп отыратын, жиындарын бастамай жатып бітіріп тастауға асығатын депутаттарды «түлен түртіп» жүр. Осы аптаның сәрсенбісінің сәтінде өткен облыстық мәслихаттың сессиясында мәслихат депутаттарының тағы да тентек мінез көрсеткеніне әрі тілші, әрі қарапайым сайлаушылардың бірі ретінде кәдімгідей қуанып қалдық. Облыс әкімінің екі бірдей орынбасары—Ерлан Айтаханов пен Болатбек Әлиевке әжептеуір «шабуыл жасап» жүйкелеріне ши жүгіртті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзімен пікірталастыруды да көзімізбен көрдік. Осылайша биліктің бишігін ұстағандарына малданып бәрін билеп-төстеуге бола береді деп түсінетін кейбір шенеуніктерді «ұйқысынан оятуға» деген ұмтылыстан ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық. Бәркелді, депутаттар! Мінез көрсетіп мінді айтқанға, еңсесін тік ұстап елдің сөзін сөйлегенге не жетсін? 

Сонымен Шымкент қаласындағы политехникалық колледждің жатақханасы үшін бюджеттен қаралған 200 миллион теңге «Даудың басы Дайрабайдың ала сиыры» демекші айқай-шудың отын тұтатып берді. Білім басқармасы мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндірген қызметтік хат жазғандарына қарамастан облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы көпе-көрнеу бұрмалаушылыққа барып қаржыны жатақхананы салу үшін емес сатып алуға жұмсауға ықылас танытқандарының арғы жағы айтпаса да түсінікті. Абырой болғанда Шәріпбек Жамалбек бастаған депутаттардың ұйытқы болуымен арнайы комиссия құрылып, жан-жақты зерттеу жүргізілгеннен кейін  қаржы жатақхана салуға қайтадан кері қайтарылып отыр. 

 «Кезінде бұл қаржыны бөлгенде қаншалықты заңды деп шырыл қаққанымызда бәрі дұрыс деген тірліктің енді бұрыс болып шыққаны қалай? Осыған байланысты әріптестеріміздің арасында бір-бірімізге артық-ауыс әңгіме айтып ыңғайсыз күй кештік. Мұның барлығына тікелей кінәлі  экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Ербол Садырдың қызметтік мәселесін қарау керек. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың исі шығып тұр. Сіз депутаттармен өтетін жиынға келмей қоя саласыз. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында сауалдарымызға атүсті жауап бересіз. Жиналысқа орныңызға орынбасарыңызды жібересіз. Мүмкін енді бас маманыңыз болмай қалса,  жиналысқа «уборщицаңыз» келетін шығар». Депутат Шәріпбек Жамалбек осылай деп кесіп-кесіп сөйледі. Ол мінберге басқарма бастығы Ербол Садырдың көтеріліп түсінік беруін талап етті. Оны әріптестері Аманолла Раманқұл мен сессия төрағасы Ержан Құдайберген де қолдап пікір білдірді. Солай бола тұра облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов Ербол Садырдың адвокаты ролін атқарып  қызғыштай қорғағаны қызық болды. Неге? Бұл сауалдың жауабын өзіңіз іздеп көріңіз оқырман. Қалай болғанда да, кінә кімнен болса да  абырой-беделі жоғары колледждің жатақханасыүшін, онда да осы оқу орнында оқитын жетім балалар үшін аса қажетті жатақхана үшін айқай-шудың шыққаны, әлдекімдердің қитұрқы саясатты сойыл етіп ұстағандары ұят-ақ. 

Сессияда депутаттар Сұлтанбек Сүгірбаев басшылық жасайтын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жұмысына да шүйлігіп барып басылды. «Құрылыс компанияларына бір қолымен лицензия беріп, екінші қолымен бақылау, тексеру жүргізу де осы басқарманың құзырында болу арға да, заңға да сыймайды. Осыған тездетіп шара қолдану қажет» деді депутаттар ашу шақырып. 

Әсіресе, бұл күнгі сессияда облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Полат Қырықбаевқа қатысты депутаттар тарапынан  көп сын айтылды. Мәселе былай: кезінде бүгіндегі атауы Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжінің жанынан «Жігер» футбол командасы құрылып, ол ел біріншілігі былай тұрсын Кеңес Одағы көлемінде кеңінен танылғаны белгілі. Жақсы дәстүрдің  жарасымды жалғасын табуына көп еңбек сіңірген осы оқу орнының қазіргі білікті басшысы  Қанатбек  Досалиевтің  тікелей бастамасымен «Тарлан» футбол командасы өмірге келгеніне көп бола қойған жоқ. Депутаттар тілге тиек еткендей, команда аз уақыт ішінде  тамаша табысқа қол жеткізіп, биыл бірінші лигада ойнау құқығын иеленген тұста оған бюджеттен бөлінгелі отырған қаржыға «жиендік жасаудан» қымсынбаған, тағы бір «Тарлан» деген команданы ойда-жоқта ойлап тапқан басқарма бастығы  Полат Қырықбаевтың бұл қылығын қалай түсінерімізді, неге жорырымызды дәл қазір дөп басып айту қиын. 

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: