ОҚО-да тоғыз айда 4 миллиард 544 миллион теңге игерілмей қалды

Screenshot_7.jpg

«Қазынаның қаржысын негізсіз игермеу—қаржыны халықтың игілігіне жұмсамау, ол дегеніңіз қылмыс». Облыс басшысының алқалы жиындарда айтып жүрген осы сөзін кейбір атқамінерлер құлағына да қыстырмайтын сияқты. Өйткені биылдың тоғыз айында облыстық бюджеттің 4 миллиард 544 миллион теңгесі игерілмей қалған. 

Жоқ болса, сұрайды. Берсе, жарата алмайды

 Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев қалалық әкімдікте жиын өткізіп, мойнына алған міндетін атқара алмай жүрген құрылыс компанияларының басшыларын біраз сілкілеп алды. «Неге берген қаржыны игермейсіздер?» «Кестеден неге кешігесіздер?» «Неге жұмыс күші жеткіліксіз», деп дүрсе қоя берген әкім мердігерлерге тірлік осылай жалғаса беретін болса,  айыппұл салынатынын, қажет болса келісім-шарттың тоқтатылатынын ескертті. Әкімнің бұлайша қатаңдау сөйлесуінің өзіндік себебі бар. Өйткені, облыс әкімдігінің түзген рейтингісі мен кестесінде көштің соңында жүретін Арман Шәріпбайұлы мен оның командасы өткен тоғыз айда жоспарланған қаржының 7,8 пайызын игере алмаған (бұл облыста жалпы игерілмеген қаржыны жартысын құрайды). Оның барлығы дерлік әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарына қаралған. Жалпы, А.Жетпісбаевтың бизнесте әжептәуір жетістікке жеткен азамат екені белгілі. Рас-өтірігін кім білсін, әйтеуір оның иелігінде бір емес бірнеше құрылыс компанияларының бары, әкімдіктің өткізген тендерлерінде ылғи сол компаниялардың бағы жанатыны туралы ел аузында гу-гу әңгіме көп. Біреудің дүниесін қызғанып, күсталанып отырған біз жоқ. Бірақ Жетпісбаевтың қала әкімі ретінде сол бизнестегі белсенділігін байқай қойғанымыз жоқ. Қалалық әкімдік қолға алған құрылыстың басынан дау кетпейді. Бірде жерінен шатақ шықса, бірде жобасынан шикілік табылады. Тендерде ұтып алған мердігер компаниялардың соттасып жатқаны анау,  ал, құрылысы бітіп, пайдалануға берілген мектептердің соңынан шу шығып жатқаны мынау. Нақты мысалға жүгінейік.  

Облыстық қаржы басқармасының бастығы Г.Морозованың облыс әкімдігінде жуырда өткен жиынында жасаған баяндамасына қарағанда, биыл Білім күнінде Шымкентте «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген 3 мектептің мойнында әлі игерілмеген 63,3 миллион теңге «ілініп» тұр. Күні кеше бүкіл республикаға жар салып, алаулатып, жалаулатып лентасын қиған білім ұяларында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары аяқталмаған. «Бұл жерде құрылыс нормалары мен ережелері өрескел бұзылып, мектептер пайдалануға заңсыз берілген»,--дейді облыстың бас қазынашысы. Сонда мұндай көзбояушылық үшін кім жауап беруі тиіс? Білім күнінен бергі аралықта бақандай екі ай уақыт өтсе де, жұмыстың әлі ақырына толық жетпегені қалай? Жоқ әлде бұл «іс бітті, қу кеттінің» кері ме?

 Жалпы, тоғыз айда  Шымкентте білім нысандарына қаралған 638,5 миллион теңге қозғаусыз жатыр. Оның 457,2 миллион теңгесі жаңадан салынатын алты балабақшаның құрылысына бөлінген. Ал құрылыстың кешеуілдеуіне жер мәселесінің уақытында шешілмеуі әсер еткен. Бұдан кейін қала әкімінің «келер жылы Шымкентке алты бірдей балабақшаны пайдалануға береміз» деп халыққа үйіп-төгіп берген уәдесіне күмәнмен қарамағанда қайтесіз?! 

«Нұрсәт» мөлтекауданын кеңейтудің 3-4 кезеңі бойынша жүргізілетін құрылыс жобасын  әзірлеу үшін бөлінген 4,8 миллион теңге де әлі жаратусыз жатыр. Себебі қалалық әкімдік тарапынан тағы да жер мәселесі шешілмеген. Тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен несие есебінен бөлінген қаржының 886,9 миллион теңгесі игерілмеген. «Нұрсәт» мөлтекауданындағы тұрғын  үй құрылысы бойынша осы уақытқа дейін әлі тендер де өткізілмеген. Қаланың су жүйелері құрылысына облыстық бюджеттен бөлінген 73,4 миллион теңгенің мұрты да бұзылмаған көрінеді. «Қазығұрт» мөлтекауданындағы ауыз суға бөлінген қаржының жартысы ғана игерілген. Себебі жоба бойынша құрылыс жұмыстары сол баяғы үйренішікті қателік бойынша газ құбыры өтетін жерге жақын орналасқан болып шықты. 

--«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 900 миллион теңге жаратылмай отыр. Себебі сіздер трансфертті жақында ғана бөлдіңіздер. Бұл заңсыздық. Небәрі 5-6 айда «Асар» шағын ауданында 575 тұрғын үйді салып біту физикалық жағынан мүмкін емес қой,--деді Г.Морозованың мәліметіне қарсы уәж айтқан А.Жетпісбаев. Мұны орынсыз деуге болмас.  Бірақ құрылысы осыдан екі жыл бұрын бітуі тиіс «Қайтпас-1» мөлтекауданындағы және алты жыл дегенде әрең біткен Азат елдімекеніндегі мектептің құрылысын уақытында аяқтауға уақыт та, мүмкіндік те молынан берілді емес пе? Қазір «Қайтпас-1» мөлтекауданындағы мектеп құрылысын жүргізіп жатқан мердігермен келісім бұзылып, жұмысты басқа компания жүргізетін болып шешілді. Жаңа мердігер нысанды желтоқсанда тапсыруға уәде етіп отыр. Егер қалалық әкімдік тарапынан мұндай шара ерте бастан қолданылғанда қайтпастық оқушылар әлдеқашан жаңа білім ұясында оқып жатқан болар ма еді?!        

Иә, айтқандай, алты айдың қорытындысы бойынша облыс әкімдігінде есеп берген А.Жетпісбаев қаладағы Арғынбеков көшесінің құрылысына қаралған қаржыны толық игеруге уәде еткенін біз өткен нөмірлерімізде жазған едік. Облыс әкімінің орынбасары Қ.Айтаханов бұл сөзге сенімсіздік білдірген болатын. Бекер емес екен. Арғынбеков көшесіне қаралған  31 миллион теңгенің кейінгі тағдырын білгіңіз келсе айтайық: қаржы игерілмегендіктен  «Нұрсәттегі» Көктем көшесінің құрылысына аударылды. Осылайша Шымкенттің батыс пен шығыс бөліктерін жалғайтын ауқымды жоба жұлым-жұлымы шыққан күйі жүзеге аспай қалды. 

         Бұдан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың:

--Қалалық мәслихаттың депутаттары бізді ақша бермедіңіздер деп айыптайды. Ал ақша берсек, игере алмайды,--деуі тегін дейсіз бе?! 

...Дәл қазір Жетпісбаевтың облыстық бюджеттен ақша сұрауға шамасы жоқ. 

 Әлтаевтың әлі келмей жатыр ма?

Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы қызметіне Нұржан Әлтаевтың тағайындалуы, шынын айту керек, жұрт күтпеген кадрлық өзгеріс болды. Азды-көпті еңбек жолында тек құқық қорғау органдары мен заңгерлік қызметтерден ұзай қоймаған Н.Әлтаевтың мамандығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын саланы дөңгелетіп әкетеді дегенге күмәнмен қарағандар көп болып еді. Сол күдік-күмән әзірге қоюланбаса, сейілген жоқ. Аталған басқармада биылдың тоғыз айында 171,3 миллион теңге игерілмей қалуына басшының білімі мен біліктілігінің септігі тимей жатыр деп кім айта алады?! Игерілмеген қаржының 127,6 миллион теңгесі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қаралған. Шамасы Әлтаевтың мекеменің құжат-қағаздарына тісі батпай жатқан сияқты. Өйткені, аталған бағдарлама бойынша Экономикалық даму және сауда министрлігіне тапсырылған құжаттар дұрыс ретелмегендіктен, Астана мен Шымкенттің арасында «қыдырып» жүрумен уақыт өткізген. Бұдан бөлек кіші және орта кәсіпкерлер кепілдікке ұсынған мүліктер мен активтер басқарма тарапынан негізсіз кешігіп қаралып, «Даму» қорына тек қыркүйек айының соңында ғана тапсырылған. Мұның бәрі де қыруар қаржының игерілмеуіне алып келген. 

Біреуді босқа қаралайық деп отырғанымыз жоқ. Жиында басқарманың жұмысын алып кетуге әлі жетпей жатқанын Н.Әлтаевтың өзі де мойындаған сыңай танытты. Ол қаржыны бәрібір игере алмайтынын ашық  мәлімдеп,  кесе көлденең жатқан проблемалардың көп екенін, осы проблемаларды көтеріп жатқанын сылтау еткісі келіп еді, облыс әкімі  «Мәселені көтермеу керек, шешу керек» деген қысқа жауап қайырды. Өзге салада маңдытып тірлік істей алмаған Әлтаевтың мәселесі жыл соңында майшаммен қаралуы мүмкін. Өйткені, Г.Морозованың айтуынша, басқармадағы игерілмеген қаржы қазан айында 1 миллиард 200 миллион теңгеге жуықтаған. Әй, қайдам, көтере алмас шоқпарды беліне байлаған Н.Әлтаев «сенген қойым сен болсаң» дегеннің кері келтіріп жүрмесе деңіз.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: