Бүйтіп шеруге шыққанша...

Screenshot_9.jpg

“Бейбіт жиналыс өткізу демократиялық қоғамдарда негізгі бостандық болып табылады».  Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының адам құқықтары жөніндегі кеңесшісі Эуджения Бенинидің осы сөзін «Егемен Қазақстан» газеті бастаған бір топ  ресми ақпарат  құралдары түгел таратып шықты.  ЕҚЫҰ секілді беделді ұйымға төраға болған елде  демократия талаптарына сай бейбіт шеру өткізу қиындық тудырмауы тиіс екені айдан анық. Алайда осы тұста кейбір орынсыз жайттардың орын алып жатқанын атап өтуге тиіспіз. 

Еліміздегі ең демократиялық тұрғындардың Алматыда тұратыны даусыз. Алматылықтар өздерінің құқықтарын жақсы біледі. Қалалық әкімдік  шеру өткіземін деушілерге қаланың сыртынан орын белгілей бергендіктен бе, әйтеуір, заңсыз наразылық акциясын ұйымдастырушылардың саны азаймай тұр.  Республика алаңы, Абай даңғылы секілді қаланың орталық аумақтарында шерулердің жиі өтетініне барлығы, оның ішінде қала  басшылығының да еті әбден үйренген. Әйтеуір әкімшілік айыппұл төлеп, құтылып кететінін жұрт біледі. 

Алматылықтарға қарағанда шымкенттіктер мұндай батыл әрекетке баруға әлі дайын емес секілді. Әрине, облыс орталығында бейбіт жиналыстар мен шерулер өткізуге тыйым салынбаған. Алайда, осыдан үш жыл бұрын қалалық мәслихат арнайы шешім қабылдап, онда жиындарды өткізу орындарын белгілеп, азаматтардың шеру өткізу құқығын белгілі деңгейде шектеп тастады. Бұдан былай бейбіт жиналыс өткізгісі келгендерді Шымкент қалалық әкімдігі ипподром маңына жөнелтіп жатты. Оған келіспесе Асбестцемент шығаратын комбинаттың кіре беріс жағы немесе Қаратөбе тас жолының бойы ұсынылатын болды. Байқап отырсаңыз, бұл үш жер де қаланың сыртында орналасқан. Қоғамдық көлікпен жетудің өзі қиын. Оның үстіне қаланың бұл аймақтарында ұйымдастырылған іс-шараға назар аударатын шенеуніктердің табыла қоятынына сену қиын. Мұндай шешім қабылдаудың қажеттілігі облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің, инфрақұрылымның жұмысына кедергі келтірмеу мақсатымен түсіндіріледі.  

Соңғы үш жылдан бері шеру өткізуге талпынғандар Шымкентте аз кездескен жоқ. Оппозициялық партия мүшелері ғана емес, қоғамдық ұйым өкілдері де  әр кездері шеру өткізу жайлы арыздарын қалалық әкімдіктің қызметкерлеріне  тапсырған. Мәселен, соңғы бір жылдың өзінде «Халықтың баспанасын қорғайық» қозғалысының өкілдері Шымкенттегі  банк  филиалдарының алдында ақпараттық шерулер өткізуді көздеп, қала басшылығынан 9 рет  рұқсат сұраған.  Бұл өтініштерін арызданушылар «біз банктер мен оған қарыз болған клиенттердің арасындағы жағдайды көпшілікке жеткізгіміз келеді» деп түсіндірді.  Алайда, шенеуніктер мұны құп көрмей, сол баяғы ипподром жаққа қарай сілтеген. Амалы таусылған қозғалыс мүшелері өзге тәсілге жүгініп, 22 күнге созылған  аштық жариялады. Сондай-ақ, ұйым  өкілдері Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының төрағасына петицияны табыстады. 

Осындай жағдайларға қарап шыдамы таусылған болуы керек, жуырда бір топ  қоғамдық ұйым өкілдері Шымкент қалалық мәслихатына үндеу жариялап, үш жыл бұрын қабылданған шешімді жоюын талап етті. Келтірген уәждері мынадай: шеру өткізуге белгіленген орындар тұрғындар пікірін ашық әрі жариялы түрде білдіруге кедергі туғызып отыр. Ең бастысы, айдалада өткізілген іс-шара өзінің маңыздылығын жоғалтады, жариялылығынан айырылады. Сондай-ақ, мәслихаттың шешімінде заңға қайшы келетін тұстарды да атап өтті. «Заңда бейбіт жиналыстар, шерулер мен пикеттерді өткізу үшін арнайы орындардың белгіленіп, осылармен ғана шектелуі қаралмаған. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті – арызданушылардың талабын қарап,  шеру өткізілетін орын мен уақытты белгілеу.  Сондықтан Шымкент қалалық мәслихатының 2007 жылғы 24 шілдеде қабылдаған шешімін жоюды ұсынамыз». 

 Алайда,  қоғамдық ұйым өкілдерінің бұл ұсынысын қалалық мәслихаттағылар қабыл алмады. Мәслихаттың хатшысы Жангелді Махашевтың өз  жауабында  арнайы орындарды белгілеудің заңға қайшы тұсы жоқтығын, сондықтан бұрынғы шешімнің өзгермейтінін айтқан. Демек, шеруге шығып, «шеріңізді» тарқатқыңыз келсе бұрынғыдай қаланың шеткі аймағына шеру тартудан басқа амал жоқ. Бүйтіп шеруге шыққанша тып-тыныш үйде отырған артық па деген де ой келетінін қайтесіз. Бәлкім биліктегілердің де көздегені осы болар. 

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: