Әдетте зейнеткерлікке жеткен шенеунік қызметін жасы өзінен кіші әріптесіне тапсырып, заңды демалысына кетеді. Дегенмен, саясатта бұл формула әрдайым жұмыс істей бермейді. Биліктің бишігін ұстап, ықпалын жүргізіп отыруға әбден үйреніп алғандарға әп-сәтте барлығынан айырылу оңайға соқпайтыны анық. Кейбіреулер амалсыздан саяси аренадан кетіп тынса, енді біреулер парламентке, ұлттық компаниялардағы директорлар кеңесінің мүшелігіне немесе тым құрығанда кеңесшілік қызметке ауысуға күш салады. Дегенмен, бүгінгі таңда еліміздің ең маңызды салалары зейнеткер шенеуніктерге сеніп тапсырылған екен. Сенбейсіз бе, қараңыз.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Таджияковтың жасы 67-де. Банк саласын елімізде Тәжіяқовтан артық білетін адамды іздеп табудың өзі қиын, өйткені оның осы жүйедегі еңбек өтілі 45 жылдан асады. Ең алғаш рет КСРО Мембанкіне қарайтын Қазақ республикалық банк басшысының орынбасары қызметіне сонау 1988 жылы тағайындалған. Кейін біраз уақыт жекеменшік сектор мен Үкіметте жұмыс істеді. 1999 жылы Тәжіяқов Ұлттық банктегі орынбасарлық қызметке қайта оралып, содан бергі уақытта креслосында мығым отыр.
Билік басындағы ақсақалдар ғана емес, еліміздегі ең ықпалды саясаткерлердің арасында ойып тұрып орын алатын келесі кейіпкеріміз -Нұртай Әбіқаев. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы биыл 66 жасқа толады. Елбасының ең сенімді адамы ретінде әлдеқашан танылған Әбіқаев жасының үлкендігіне қарамастан, әлі де күш-қуаты мен ықпалы бар «сұр кардинал» екенін дәлелдеп келеді. Оның бүкіл саяси карьерасы мемлекет басшысымен тығыз байланысты екені мәлім. Назарбаевтың көмекшісі ретінде сонау 80-ші жылдарда жұмыс істей бастаған. Әбіқаевтың саяси карьерасына үңілсеңіз, оның ең маңызды қызметтерді екі реттен атқарғанын байқайсыз. 1990-1995 және 2002-2004 жылдарда президент әкімшілігіне жетекшілік еткен. Сонымен қатар, ҰҚК-ның басшылығына да осыменен екінші рет келіп отыр. Бұдан бөлек әр жылдарда сенат спикері, елші, сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметтерін де атқарған.
Жасы егде шенеуніктердің қатарында биыл 66-ға толған Виктор Мейстер атты азаматты да атап өтпеске лаж жоқ. Әуелгі жылдары энергетика саласында жұмыс істеп келген ол 1998 жылы Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметіне келді. Сол келгеннен биылғы 21 ақпанға дейін «замәкім» креслосынан түспеген. Жуырда өз еркімен арыз жазып, қызметінен кетіпті. Сонда да «тәжірибесі мол Мейстердің әлі де берері көп» деп, оның кеңесшілік қызметте қалуын өтініп жатқандар аз емес көрінеді.
Алматылықтар Виктор Долженковты жақсы таниды. Әкімнің орынбасары қызметінің қызығын ең көп көрген кім десе, Долженковтың кандидатурасы алдына жан салмайтын шығар, сірә. Өзіңіз қараңыз, сонау 1992 жылы Ахметжан Есімовтің тұсында Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Содан осы қызметте тапжылмай 16 жыл отырыпты. 2008 жылы Долженков енді Алматы қалалық әкімдігіне ауысты. Шақырған кім дейсіз бе? Тағы да Есімов. Биыл 65 жылдық мерейтойын атап өтетін Долженков мырзаның әкімдіктен бүгін-ертең кете қоймас деп ойлаймыз. Біріншіден өз денсаулығы, екіншіден Есімов аман тұрғанда Долженковтың мұртын балта шаппас.
Облыс әкімдерінің арасындағы жалғыз зейнеткер - Бақтықожа Ізмұхамбетов екен. Жасы 65-те. Былтыр тамыз айында Атырау облысының басшылығына келген Ізмұхамбетов кәсіпқой мұнайшы. Өмірінің 35 жылын мұнай саласына арнаған ол қатардағы бұрғылаушыдан ұлттық компания басшысына дейінгі қызметтік жолды жүріп өтті. 2006 жылы Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің тізгінін қолға алған болатын, алайда бір жыл өте Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне ауысып кетті. Былтыр мәжіліс депутаттығына ретінде сайланып, вице-спикерлікке де тағайындалып үлгерген еді. Бірақ, күтпеген жерден өзінің туған өлкесі - Атырау облысының әкімі болып қызмет ауыстырды.
Еліміздің ең басты стратегиялық тауарлары - мұнай және уран саласына зейнеткерлер басшылық жасайды. Олар – мұнайдың әр тамшысын қадағалап отырған Ләззат Қиынов пен уранды уысында ұстап тұрған Владимир Школьник. Екеуінің де жасы 64-те. Мұнай саласының магнаттарының бірі Ләззат Қиынов та биілкке 90-шыжылдары араласып, сол биіктен түспей келе жатқан саясаткерлердіңбірі. Мамандығы - мұнайшы, бүкіл карьерасы да мұнай саласында өрбіген. Маңғышлақтың мұнай кеніштерінде 20 жыл жұмыс атқарған ол 1993 жылы Маңғыстау облысының әкімі қызметіне тағайындалады. Екі жыл өте Үкіметке ауысып, мұнай және газ министрінің орынбасарлығын атқарады. 1999 жылы Маңғыстауға екінші рет әкім қызметіне тағайындалып, үш жылдай уақыт жұмыс істеді. 2011 жылдың желтоқсан айында Ләззат Қиынов «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басшылығын қолға алды.
Владимир Школьник Үкіметтегі жауапты қызметтер атқару жөнінен абсолюттік рекордсмен. Қанша министрлікте жұмыс істегенін тізбектей бастаса біз түгілі өзі де шатасатын шығар. Білім және ғылым, энергетика, индустрия және сауда, минералды ресурстар министрліктерін басқарған. Әйтеуір, 20 жылға жуық уақыт министрлік портфельдер қолынан түспеген. 2007-2008 жылдар аралығында Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып қызмет атқарған. 2009 жылдың мамыр айынан бергі уақытта «Қазатомпром» компаниясына жетекшілік етуде.
Еліміздің төтенше жағдайлар саласына да зейнеткердің әмірі жүреді. Владимир Божконың былтыр пайғамбар жасынан асып, биыл 64-ке толды. Негізі, Божконың карьерасы күштік органдармен тығыз байланысты. Әуелі мемлекеттік, кейінен ұлттық қауіпсіздік комитетінде 30 жылдық тәжірибесі бар. Бір кездері Көкшетау және Шығыс Қазақстан облыстық ҰҚК департаменттерін басқарған. Бұдан соң контрбарлау басқармасына жетекшілік етті, комитет төрағасының бірінші орынбасары болды. Былайша айтқанда, елге, билікке қатысты мәселеде Божко білмейтін құпия жоқ. 2007 жылғы атышулы Виктор Храпуновтың төңірегінде туындаған дау-дамайдан соң Төтенше жағдайлар министрлігіне Божко жіберілді.
Рейтинг:
Қай премьердің тұсында қай жастағылар...
Серік Ахметов басқаратын Үкімет құрамының орташа жас мөлшері 49,1 жасты құрайды. Даниал Ахметов пен Әкежан Қажыгелдиннің тұсында министрлер кабинетінің орташа жасы бұдан аздап жоғары болатын - 49,2-49,3. Ең «кәрі» үкімет Сергей Терещенко премьерлік кезеңге сай келді. Ол кездегі министрлердің орташа жасы 51-ден асқан. Ең жас үкімет ретінде Балғымбаевтың командасы мойындалды - министрлердің орташа жасы 44,3-тен аспаған еді.
Енді әлем үкіметтеріне назар аударайық. Дүниежүзіндегі ең кәрі министрлер кабинеті Индияда екен. Мұндағы министрлік креслода отырғандардың орташа жас мөлшері 65-ті құрайды. Екінші орында Қытай - 63 жас, үштікті 62 жас көрсеткішпен АҚШ қорытындылап тұр.
Жандар Наурызбайұлы,
"Рейтинг" газеті, №10-11, 14 наурыз 2013 жыл