Осы аптаның сейсенбісінде облыстық әкімдікте кеңейтілген мәжіліс өтті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов төрағалық жасаған алқалы жиында өткір сындар айтылып, қызу пікірталасқа ұласты. Әсіресе облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиевтің баяндамасына арқау болған деректер мен дәйектерге байланысты мінберге көтерілген жауапты азаматтар тағылған айыптаулармен келіспейтіндерін ашық мәлімдеп, даулы мәселенің мән-жайына қанықтыратын айғақтарын алға тартты. Мәртебелі оқырманның өзі төрелігін айтар деген оймен бір-біріне қарама-қайшы пікір білдірген екі тараптың да уәжін жариялауды жөн санап отырмыз.
Болатбек Әлиев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
«Мақсат –біреуді қызметтен босату емес, уақтылы баға беру, жұмысты ілгері бастыру»
- Кеңейтілген мәжілістегі баяндамаңызда құрылыс сапасына қатысты кесіп сын айтам деп бір емес бірнеше аудан әкімдерінің шамына тиіп алған сияқтысыз. Олар турасын айтпады деп тулады ма, әлде шырылдаған шындық шымбайларына қаттырақ батып кетті ме? Түсініспеушіліктің түп-төркініне үңіліп көрейікші.
-Әрине сынаған кімге ұнасын? Меніңше әділ сын болса оған қай-қайсысымыз да түсіністікпен қарауға тиіспіз. Алдымен Бәйдібек ауданы Қайнар ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысына қатысты жайтты түсіндіріп берейін. 2008 жылы 5 тамызда құрылыс бөлімі бастығының жобалық-сметалық құжатты қайта өңдеу туралы № 09 хатына сәйкес аудан әкімдігінің шешімімен жер телімі ауысқан. Нысанға арналған бас жоспардың өзгеріп, жобалық сметалық құжаттың қайта өңделуі салдарынан алғашқы бағадан құрылыстың құны 128 миллион теңгеге өсті. Өз құзырына кіретін нақты шаралар қолданбай, құрылысты жүргізуге облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы С. Сейдалиев қол қойып, 2008 жылдың 29 тамызында № 595 рұқсат қағазын берген.
Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы кемшіліктерді ескермей Сайрам ауданы Әсіл ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысына байланысты да дәл осындай рұқсат қағазды бере салған. Дәлірегі жер телімінің дұрыс берілмеуінен нысан ғимараты басқа аумаққа жылжып қана қоймай қосымша галерея құрылысы қарастырылған. Турасына көшсек «Құрылыс консалтинг» ЖШС, аудандық сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдеріі өрескел қателіктер жіберген. Жерді жобалап, құрылысын салу үшін жер телімі таңдалғанда сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі Я. Қамбаров пен жер қатынастары бөлімінің меңгерушісі Е. Қонысбаев түзілген актілерге қалай қол қойғаны түсініксіз. Актіге сүйенсек жер телімінде жер асты жүйелері мен нысандардың жоқтығы көрсетіліп, Сайрам ауданы әкімінің 2005 жылғы 5 тамыздағы № 327 қаулысымен жалпы алаңы 3,2 гектар жер телімі берілген.
-Ендеше кемшілік құжат жүзінде расталып тұрса,Сайрам ауданының әкімі Мұхит Әлінің сынмен келіспей бұған «подстава» деп баға бергені қалай?
- Енді, қызбалықпен айтқаны шығар. Артынша облыс әкімінің алдында кешірім сұрады ғой. Қызбалығының себебі, оны қарамағындағылары «ввели в заблуждение». Сайрам ауданы Шымкент қаласынан кейінгі аумағы үлкен өңірдің бірі болғандықтан нысана көп. Энергетика, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылық салалары… бұлардың барлығымен бір ғана әкім шұғылданбайды. Оның орынбасарлары, жауапты қызметкерлері бар. Ол кісі нысанды шатастырып алған болса керек. Сайрамда жұмысы шын мәнінде басталмаған нысан бар. Достық елді мекенінде, газбен қамтамасыз ету бойынша. Конкурс өткізіп, мердігерге отыз пайыз ақша төленгенімен жұмыстар осы күнге дейін әлі басталған жоқ. Аталған нысанның жобалық сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптама қорытындысы болмаса да негізсіз сатып алу конкурсы өткізілген. Бұған кінәлі - аудандық әкімнің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі. Бүгінде қаржының 30 пайызы мердігерге аударылған. Сонымен қатар, осы жерде 215 адам жұмыс істеп жатыр деп облысқа мәлімет беріп отыр. Бұл жалған мәлімет. Түсініңіз, мақсат- біреуді қызметтен босату емес, уақтылы баға беру, жұмысты ілгері бастыру.
- «Бейбіт құрылыс» ЖШС-на байланысты да мәлімдеме жасадыңыз.
- Иә, Түркістандағы жылу қазандығына байланысты ғой. Биыл жылу қазандығының құрылысына тағы 450 миллион теңге шамасында қаражат бөлінген. Сол бойынша Түркістанда құрылыс бөлімі мердігермен келісім-шартты бұзбай, қайтадан конкурс өткізді. Ақша бөлінді, мердігер жұмысын бастап жатыр. Жасыратыны жоқ, мердігердің де кемшіліктері болған. Бірақ, ол компания жаман болса, жұмыс істемесе аудандық әкімдіктегі құрылыс бөлімінің мамандары дер кезінде шара қолданып, келісім-шартты бұзуы керек еді. Ондай шаралар көрілмеген. Сөйте тұра «Бейбіт құрылыстан» бас тартып, басқа мердігермен келісімге келеміз деулері қисынсыз. Дегенмен, дер кезінде шара көріп, конкурстың барлығын тоқтатып, мердігермен әрі қарай жұмыс істеп жатырмыз. Ол мердігермен қосымша келісім-шартқа отырдық. Бұрынғыдай түсініспеушілік болмауы үшін әрқайсысының міндеттемесін күшейтіп, соларды орындату мақсатында жоспарды бекіттік.
-Облыс әкімінің бірінші орынбасары, әріптесіңіз Берік Оспанов дәл осы «Бейбіт құрылыс» ЖШС-на байланысты алқалы жиында мүлдем басқа пікір айтқанына көп бола қойған жоқ. «Жұмысты сапалы атқармай созбалаңға салып, онымен қоймай, әуел бастағы уағдасын бұзатын, қосымша қаржыны талап ететін мұндай компанияны облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының сотқа бергені жөн. Сөйтіп тірлікті түзеуді өзге сенімді мердігерге жүктеген дұрыс» деген еді. Сіздің сөзіңіздің бұған қарама-қайшы шыққанына аң-таң болдық.
- Әріптесіме мен ештеңе айта алмаймын.Бұл жерде Бекең, Берік Оспанов ойдан құрастырып өзі баға бере алмайды. Ол өзіне келген құжатқа сүйеніп отыр. Ал құжатты Түркістан қалалық әкімдігіндегі құрылыс бөлімінің мамандары берген. Адам да қателеседі ғой. Оған осындай ақпаратты жеткізген қызметкерлерге біз шара қолданамыз. Ол менің ұсыныстарымның ішінде бар. Қысқасы «Бейбіт құрылыс» компаниясының жұмысын жан-жақты қайта талдап, талқылап сенім артқан дұрыс деп шештік. Ал анау былай айтты, мынау былай айтты деп бізді шағыстырмаңыздар. Мүдде ортақ, ол-халықтың мүддесі.
"Рейтинг" газеті
Мұхит Әлі, Сайрам ауданының әкімі:
Бұл орынсыз сын деп білемін
-Бұл ақпараттың қайдан алынғанын білмеймін. Қазір жұмыс жүріп жатыр. Менің сөзіме сенбейтін болсаңыз комиссия құрып, қазір барып тексеріңіздер. Бұл заман сондай болды ма, адамдар сондай болды ма? Бірімізді біріміз «подставить» етеміз. Өткен жолы да Болатбек Әлиев мырза «подставить» етіп жүріп бөлім бастығын жұмысынан алып тастады. Ешқандай кінәсі жоқ оның. Болмайды ғой ондай!
Достық ауылында газ құбырын тарту жұмысы толыққанды жүріп жатыр.Құрылыс барысы тиісті мамандар тарапынан қадағаланып отырады. Мұнда 215 адам жұмысқа тартылған. Жұмысшылардың дені – Достық аулының тұрғындары. Кезінде тендер өткізілген, 30 пайыз қаражат аударылған. Облыс әкімінің орынбасары Болатбек Әлиев «тендер дұрыс өтпеген, құжаттары дұрыс толтырылмаған» деген айып тақты. Бұл орынсыз сын деп білемін. Себебі, тендерді өткізген біз емес, облыс. Оның дұрыс, не бұрыс өтуіне біздің қатысымыз да, ықпалымыз да жоқ қой. Мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізген басқарма бар емес пе? Ақыры құжаттары дұрыс толтырылмады екен, тендер неге өткізіледі?
Әсіл ауылындағы мектепке байланысты. Мердігер компания галерея саламыз дегенді тауып алыпты. Бөлінуі мүмкін деген ақшасы да үлкен. Галерея керек, оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, ол негізгі жобада жоқ. Оның үстіне бұл мектеп «100 мектеп,100 аурухана» бағдарламасы аясында салынуда. Үкіметтің тікелей қадағалауында. Тапсырылуы тиіс уақыты – 1 қыркүйекке дейін. Егер галереяның құрылысы басталса,бұл мектеп жақын арада тапсырылмайды. Ол үшін біз жауапты боламыз. Мен үшін құрылысты мерзімінде аяқтап, тапсырғаны дұрыс. Егер мектеп салатын жер телімі дұрыс жобаланбаған болса бақандай 4 жыл бұрын жіберілген қателікке Болатбек Әлиевтің енді келіп шүйлігіп жатқаны қалай?
Садық Кенжебаев, Бәйдібек ауданының әкімі
Жер телімі ауысса ауыл тұрғындарының өз өтініші еді
-Қайнар ауылындағы 320 орындық мектеп құрылысында жер телімінің орны ауысқаны рас. Қалай болғанда да мердігер мектептің құрылысын аяқтап, 1 қыркүйекке дейін толық тапсырады.Оған ешқандай күмән жоқ, мұны мердігер компания да айтып отыр. Жуырда вице-премьер Ербол Орынбаев бастаған комиссия облыстағы салынып жатқан мектептердің құрылысымен танысып кетті емес пе? Сол комиссияның мүшелері Қайнар ауылында болып, құрылыстың барысын көріп қайтты. Ешқандай мін таққан жоқ. Ал жер телімін ауыстыру жайлы бастаманы сол ауылдың тұрғындарының өздері көтерген болатын. Бастапқы жобада мектептің орналасатын жері сәтсіздеу таңдалған екен. Содан жергілікті тұрғындар бізге өтінішпен шыққан соң болашақ білім ұясының жер телімін ауыстырдық.
Енді жаңадан салынып жатқан мектепке кететін қаржының өсіп кеткені туралы. Жалпы, мектеп құрылысы бағасының 128 миллион теңгеге өсуінің себебі жалғыз ғана жер телімінің ауысқанында емес. Нақты мәлімет келтіретін болсам, дәл осы себептен,жер телімінің ауысуын айтамын, келтірілген шығын бар-жоғы 2 миллион 700 мың теңгені, яғни, 2,5 пайызды құрайды. Қалған сома – құрылыс заттарының қымбаттауы, жобаға қосымша өзгерістердің енгізілуі, айлық есептік көрсеткіштің өсуінен пайда болып отыр. Екі мәселені де елдің тілегі мен бағынбайтын нарықтың бағасын саескере отырып сараптап көріңіздер: кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
Тендерді «Бейбіт-құрылыс» ұтқанымен жұмысты жұрт асарлатып аяқтады.
Түркістан қаласындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары қыс кезінде орталықтандырылған жылу жүйесінің рақатын көрмегеніне 19 жыл болыпты. Содан облыс әкімдігі 2007 жылы бюджеттен жылу қазандықтарын салуға 1 миллиард 110 миллион теңге қаражат бөлді. Жұмысты атқарушы мекемені таңдау үшін облыстық құрылыс департаменті сол жылы байқау өткізді. Сонда "қазандықтарды 971 миллион теңгеге салып, іске қосып береміз" деген "Бейбіт Құрылыс" ЖШС жеңіске жетіп, Түркістан қалалық әкімдігімен келісімшартқа отыру үшін келді. Жұмысты 130 миллион теңгеге арзан орындаймыз дегендеріне қалалық әкімдік сенімсіздікпен қарады. Сөйтіп, "көтере алмайтын шоқпарды белдеріне байлағандықтарын" баяндап, облыстық экономикалық сотқа талап-арыз бердік. Бірақ талап-арызды қараған судья біздің сөзімізді сөйлемеді.
Мен Түркістан қаласының әкімі қызметіне 2008 жылдың мамырында тағайындалдым. Ол кезде мердігер 600 миллион теңгеден астам қаражатты жаратып қойған екен. Жұмыс күнтізбедегіден 4 айдай қалып келе жатқанын есептеп шығару қиын болған жоқ. Атқарылған жұмыс көлемі жұмсалған қаражатқа сәйкес келе қоймайтыны аңғарылды. Қалған 350 миллион теңгені облыс басшыларымен ақылдаса отырып, құрал-жабдық алуға жұмсадық. Жылу жүйесінің құрылысына басқа мердігерлерді тарттық. Түркістан қаласының қалталы азаматтары демеушілік жасап, көмек көрсетті. Берісі 300, әрісі 500 мыңдап, тіпті миллион теңгеге жуық қаражат бергендер болды.
"Бейбіт-Құрылыс" ЖШС қазір Түркістан қаласындағы екінші қазандықтың құрылысын салу үшін жарияланған байқауда біз неге жеңімпаз атанбадық деп, соттасып жүр. Шамасы, осы жолы да байқауда жеңімпаз атанып, біраз қаражатты "игерсек", қалғанын түркістандықтардың өздері былтырғыдай "асарлатып" аяқтап алады, – деген ойда жүрген болуы керек.
"Бейбіт-Құрылыс" пен "Қуаныш-2" ЖШС-ларын бір адам басқарып отыр. Олар Түркістан қаласындағы М.Балақаев атындағы орта мектептің құрылысын 2008 жылдың қараша айында аяқтауға тиісті еді. Әліге дейін біткен жоқ. Мақтаарал ауданындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің құрылысы да аяқталмай, сиырқұйымшақтанып бара жатқанын білеміз. Шымкент қаласындағы "Нұрсәт" ықшамауданындағы "Север" подстансасының құрылысы да оңбай тұр екен.
(Түркістан қаласының экс-әкімі Бейбіт Сыздықовтың пікірі).
«Айқын» газеті, 30 маусым 2009 жыл