Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл да ағаттықсыз болмаған секілді. Сынақ басталмай жатып Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданында бір топ мұғалім Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қармағына ілікті. Жауапты кезеңде ауданда бұдан өзге де кемшіліктер аз болмаған. Бүгін тест қорытындысына наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсіргендерден ұялы телефонына қол жеткізе алмай жүргендердің қарасы әлдеқайда көп.
Қайырымдылық жасамақ болған 15 мұғалімнің ісімен қазір құқық қорғаушылар айналысып жатыр. Есепке жүйрік,білімдар мамандар бірыңғай ұлттық тестілеу өтетін мекеменің жертөлесіне сынақ басталмай тұрып жасырынып үлгерген екен. Олар сынақ тапсырушыларға жауап әзірлемек болғанын комиссия мүшелері жоққа шығармайды.
Сарыағаштағы сорақылық бұл ғана емес.Оқушылардан жәрдем парақтарынан бөлек осы күндері екі жүзден астам ұялы телефон алыныпты. Алып өту жолдары әрқалай.Демек бұл аудандағы түсіндіру жұмыстарының кемдігін көрсетеді.
Алайда сынақ тапсырған талайлар оның қорытындысына қанағаттанбай отыр. Техникалық қателік бір басқа. Апелляциялық шағым түсірген оқушылардың айтары мүлдем бөлек.Оларды сұрақтың ауырлығы емес тексерушілердің шектен тыс ескертпесі естен тандырыпты. Оқушылар өздерінің бұлайша абдырауын психологиялық жағынан қысымның қатты болуынан көріп отыр. Сынақ нәтижесіне наразылық білдіргендер аз емес. Апелляциялық шағым түсіріп,жыларман болғандар өз алдына, ұялы телефонның соңында салпақтағандарда есеп жоқ.Айта кетейік, ұлттық тестте Оңтүстік Қазақстан облысынан 20 мыңнан астам бала бағын сынаған болса , соның 3200-і Сарыағаш ауданының шәкірттері.
Айзада Төребекқызы, «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі