Алла амандығын берсе, көктемде гүлдеген алма ағашы күзде жеміс салады. Сол сияқты тұсауы кесілген кез-келген тірлік, жоба, бағдарлама ел үшін қызмет етіп, пайдасын тигізуі қажет. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынтағында отырғанда Нұрғали Әшімов өз қолымен көшет қылып отырғызған «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы ә дегенде қатты гүлдеді. Топырағы құнарлы, суы мол жерге отырғызылғандықтан «Максимум» бірден бой алып, бұтақ-бұтаққа тармақталып, жанынан «Nanofab», «РИТП «Квант», «ИАЦ «Ақниет» деген 3 бірдей еншілес кәсіпорындар ашылды. Әшейінде сақ қимылдайтын Әшімов бұл жолы облыс бюджетіне қолды мол салып, орталықтың жарғылық қорына 1 миллиард 60 миллион теңгені бір-ақ қотарып берді. «Максимумның» сол кездегі іс-жоспарына қарар болсаңыз, «мә-ә-ә!» деп аузыңызды ашып, көзіңізді жұматыныңыз анық еді.
Одан бері де қыс өтті, жаз өтті, арада бір жарым жыл өтті. Осы уақыт ішінде «Максимум» мақсатына жетті ме? Біз бұл мақаламызда тек екі мәселеге ғана тоқталдық. Біріншісі – «Максимум» не бітірді? Екіншісі – оған бөлінген миллиард теңге қайда жұмсалды? Байқасақ, көктемде әппақ болып гүлдеген «Максимумды» қара ешкілер кеміріп кетіпті. Көкөністі 9 айға дейін сақтай алатын неміс технологиясы бойынша салынған қоймалар, металлдарды нанотехнология бойынша өңдеу, сэндвич-панельдер жасау, қала берді джинсы тігу... міне, осы тірліктердің қайсысы жүзеге асты? Біреуі де іске асқан жоқ. Есесіне, жұмысы мандымаған «Максимум» біреулер үшін майлы жілікке айналып үлгеріпті. «Рейтинг» газеті бұған дейін «Максимумның» мәнсіз тірлігін сынға алып, дабыл қаққан болатын. (Қараңыз: «Максимумның» миф жобаларының артында кімдер тұр? «Рейтинг» газеті, №1, 1-бет) Сол мақалада «Максимумның» миф жобаларының артында кімдер тұрғаны, орталықтың басшысы Элдар Қабиевтің облыс әкімінің экономика жөніндегі, дәлірегі барлық қаржы операцияларына жауапты орынбасары Эльдана Сәдуақасованың күйеуі екені, ол Батыс Қазақстан облысында да осындай орталық құрып, елді есінен тандыратын ғаламат жобалар жасағаны, бірақ, іске аспай қалғаны, оның орынбасары болып жүрген Олжас Сыздықов та сол Оралдан қызмет істеуге келгені ашық жазылған болатын. Оңтүстіктен бұл орталықты басқаратын бір оңды кадр табыла қоймауының сырын ел сол кезде-ақ сезген. Яғни, Әшімов қызметтің сүбелі жерлерін майлы жіліктің иісін бір көш жерден сезетін «көшпелі командасына» ғана сеніп тапсырды.
Енді екінші мәселе... «Максимумның» миллиард теңгесі қайда жұмсалды? 400 миллион теңгесі банкке депозит ретінде құйылыпты. Тағы 453,9 миллион теңге банктегі шотта еш жұмсаусыз қалған. Ел үкіметі, қала берді облыс әкімшілігі кейбір зәру жобаларға қаржы таппай, аласұрып жатқанда «Максимумның» бастықтары кекірік атып, қаржыны қайда жұмсарын білмей отыр? Әрине, орталықтың бастығы Эльдар Қабиев ел президентінен асып кетуге ұялған болар, бірақ, жалақы жағынан премьер-министрмен жарысуға шамасы бар. Оның жалақысы 350 мың теңге. Бұған тағы 350 мың теңге мөлшерінде сыйақы тағайындалған. Ал, кейбір баспасөз құралдары Кәрім Мәсімовтің жалақысы 700 мың теңге екенін жарыса жазып жүр ғой. Мемлекеттік қызметте жалақы да жұмыстың ауыр-жеңіліне қарай тағайындалатын шығар, сірә. Яғни, Қабиев те Шымкентте отырып Үкімет басшысы секілді үлкен-үлкен мәселелерді шешетін болғаны да... Мұны Үкімет басшысы естімесін, әйтпесе, Мәсімовтің «Максимумға» бастық болуға ойы кетіп жүрер тағы... Бұрын «Максимум» тікелей облыстық қаржы департаментіне бағынатын. Жаңа жылдан бастап сауда және өнеркәсіп департаментіне қарады. Міне сол департамент бастығының жалақысы 120 мың теңге екен. Сонда Қабиевтің өз бастығынан да көп жалақы алатын болғаны ма? Ұят болғанда, департамент бастығының жалақысын «Максимумда» қатардағы менеджерлер алады. Қабиевтің екі орынбасары бар, оның әрбірінің жалақысы 300 мың теңге, менеджер мен инженерлер, сарапшылар мен экономистердің айлықтары 100 мың мен 200 мың теңгенің арасында. Сонда бар-жоғы 17 адамның бір жылдық жалақысы 26 миллион теңгені құрайды екен. Дағдарыстың сесінен сескенген болуы керек, «Максимум» басшылығы жақында жалақыларын біршама қысқартыпы. 50 мың теңге қысқартып, бастықтың жалақысы 300 мың теңге болыпты. Бірақ бәрібір департамент бастығы мен «Максимум» бастығы жалақысының айырмашылығы жер мен көктей. Жалақымен жарылқау «Nanofab», «РИТП «Квант», «ИАЦ «Ақниет» кәсіпорындарында да жалғасқан. Мұндағы басшылар 150 мың теңге жалақы алса, 300 мың теңге, яғни екі айлық көлемінде сыйақы алып отырыпты. Басшы ғана емес, бұл мекемедегі қосшыларды дәл осылайша екі айлық көлемінде сыйақы алып отырған. Міне, шөп басын сындырған бір оңды тірлік жоқ, бірақ максимумдықтар қай жетістігіне мастанып жоғарғы жалақы, жоғарғы сыйақы алғанын түсіне алмайсыз? Бұл дегеніміз ел қазынасын мәдениетті түрде тонау емес пе?
Құдай өзі ақырын берсін, бірақ, қыдырса осы максимумдықтар қыдырсын. Түскі асты Астана, Алматыдан ішіп, «ужинге» Еуропа елдеріне үлгерген сияқты. Бұлар, автобус, пойызды былай қойып, аспанда ұшып бара жатқан ұшақты қол көтеріп тоқтатып, мініп кете берген секілді. Бір жыл ішінде мекемедегі азғантай ғана адам іс-сапарға 7,5 миллион теңге жұмсап жіберіпті. Тіпті орталықтың бір қызметкері бір жаққа іссапарға шығып, баруына 240, қайтуына 240 мың теңге, барлығы 480 мың теңге шығындапты. Жолаушы болмай қалып, бір ұшақты бір өзі жалдап алып кеткен бе, түсінбейсің... Кеңсені жалдап тұру үшін «Максимум» аймақтық орталығы жылына 10 миллионнан астам теңге төлейді. Білетіндердің айтуынша, бұрын «Танюша» атты қатардағы кафенің орнына қоныстанған орталықтың кеңсесі үшін мұндай қаржы төлеу ақылға қонбайды. Ол аздай, еншілес компаниялардың әрқайсысы жыл сайын 5 миллион теңге шығын кетіреді. Су жаңа автокөлік пен қымбат жиһаз сатып алуға, тегін телефон байланысына жұмсалған қаржы тағы бар. Орталықтың директоры «Тойота Авенсис» көлігін мінумен шектелмей, жеке кабинетін ең қымбат жиһазбен толтырыпты. Астындағы креслосының өзі бір көліктің құнымен бірдей дейді білетін жұрт. Келген қонақтар отыратын 15 орындықтың әрқайсысы 25 мың теңге тұрады. Ал, ай сайын ұялы және халықаралық байланыс үшін 100 мың теңге тұрақты түрде төленген. Кеңсе тауарларына 500 мың теңге жұмсалыпты.
Жақында «Максимумның» басшылары үшін екі жаңалық болды. Бірі өкінішті, бірі қуанышты... Қалай ойлайсыз, қайсысынан бастасақ екен, ә. Мейлі қуаныштысынан бастап көрейік. Жақында облыс әкімінің орынбасары, яғни, Эльдар Қабиевтің жұбайы Эльдана Сәдуақасова көпшіліктің алдында 2009 жылы «Максимумға» тағы 2,3 миллиард теңге бөлінгелі жатқанын қуанышпен хабарлады. Яғни, «Максимум» алдағы уақытта «маңызды да мазмұнды» тірліктерін ары қарай жалғастыруға тағы мүмкіндіктері бар. Енді екінші жаңалығымызды айтайық: бұл облыс әкімі Нұрғали Әшімовтің Астанаға ауысып кетуі. Яғни, «көшпелі команда» дәл қазір «шабаданный настроениеде» отыр деген сөз. Қазірдің өзінде облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары қызметін атқарған Шешенбаев Әшімов басқаратын министрлікке қарасты бір департаменттің бастығы болып ауысып кетті. «Көшпелі команданың» құрылғалы бері көргені осы... Аппарат жетекшісінің тағы бір орынбасары Руслан Бөлтіріков те, облыс әкімінің орынбасары Эльдана Сәдуақасова да, жалпы «көшпелі кадрлардың» бәрі жәйлап-жәйлап Астанаға ауысып, Әшімовтің соңынан кете беретіні анық. Әйелі кеткен соң Элдар Қабиевтің де Шымкентте төрт қабырғаға қамалып отырмасы белгілі. Естуімізше «Максимумда» жұмыс істейтін Бөлтіріковтің әйелі де жолдасы қозғалған соң, Оңтүстікте табандап тұрып қалмайды. Әшімовтің командасымен келген Мәжит Тұрмағамбетов алдымен осы «Максимумге» бастық болып, кейінірек облыс әкімінің орынбасары қызметіне жоғарылаған-ды. Бірақ, Үкіметтен ұрыс естіп, жұмысын игеріп кете алмаған Тұрмағамбетов онсыз да әкімшілікте бар-жоғы білінбейтін еді, енді жақын күндерде Астанаға қызмет ауыстыратын көрінеді. Сөйтіп, Шымкентте шөп басын сындырмағандар Астанаға барып атқа қонып, бір жерді тағы да майшелпекке айналдырады.
Енді өзіңіз ойлаңызшы... Айдан келсе де, қайдан келсе де бұл кадрларды сырттан келді деп кінәлауға болмайтын шығар, егер барған жерінде судай сіңіп, тастай батып қызмет істеген болса... Шынын айту керек, бұлар ел қамынан гөрі, көш басындағы жетекші кадрдың қызметтен құлап қалмауын, соның арқасында тайраңдап жүре беруді көп ойлайды. Жұмысы нәтижелі, ісі оңды болып жатса, іскер кадрды кім қисын?! Қиған күнде де соңынан ел сүйсініп, «әттең, пәленше бекер ауысып кетті, елді бір көтеріп тастап еді» деген мақтау сөз қалар еді. Ал, «көшпелі команданың» соңында не қалды? Сәдуақасова не тындырды? Қабиев не бітірді? «Мына бір оңды тірлік солардың кезінде бітіпті» деп ауыз толтырып айтатын дүние бар ма? Бұған жауап табу қиын. Әшімов Батыс Қазақстан облысын басқарған кезде де «көшпелі кадрлардың» тірлігі осындай болған. Оңтүстікте де солай болды. Сонда бұлар кімнің еркетотайлары, бұлар қашанғы бүйтіп тайраңдай береді?
Рас болса, «Максимумның» жалақысын облыс әкімінің орынбасары Эльдана Сәдуақасова бекітіп берген көрінеді. 350 мың теңге жалақы, 350 мың теңге сыйақы... Эльдана Сәдуақасованың күйеуі Эльдар Қабиевтің арманы жоқ шығар, сірә...
"Рейтинг" газеті