«Ризамын тағдырыма» жұбайыма арналған

Oinet.kz 24-01-2024 292

Оңтүстік өлкесі – өнер ордасы десек, әсте, қателеспеген болар едік. Өңірімізде тұтас түркі әлемін талантымен таңдандырғандар баршылық. Солардың бірі, ел алдында, ән сахнасында төлтума ән туындылары арқылы танылған сазгер, мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі – Мұқан Байбосынов. Бүгінде жалпақ қазаққа есімі, шығармашылық жолы жақсы таныс Мұқан Әбдіәшімұлы композитор ғана емес, соңынан шәкірт ертіп, баулып келе жатқан, өнердегі мектебін қалыптастырған ұстаз. 

Screenshot_12.jpg

Әсем әндерін еліміздегі шоқтығы биік жұлдыздар орындап жүрген композитордан бір әннің тарихы туралы сұрап, телефонына қоңырау шалдық. Қарапайым қалпынан айнымай қуана келісті. Биязы болмысымен баяндап берді. 

Саз әлемінің сардары әңгімесін «Мен 1994 жылы үш ән жаздым. Содан кейін кәсіпкерлікке кеттім де, шығармашылықтан қол үзіп қалдым. Алайда, 25 жылдан соң, ән әлеміне қайта келдім», деп бастады. Іштегі булығып жатқан өнеріне қиянат жасамай, ән әлеміне қайта келгені қандай жақсы болған дедік іштей. Олай болмағанда, бүгінде оның ел аузында жүрген жақсы әндері дүниеге келмес те еді-ау. Музасын музыкадан тапқан Мұқан Байбосыновтың өнерге ширек ғасырдан кейін қайта оралуы оның әнге деген шексіз махаббатын дәлелдесе керек. Сонымен, негізгі әңгімеге қарай ойысып, сазгердің сүйіктісіне арналған «Ризамын тағдырыма» әнінің шығу тарихын оқырман назарына ұсынсақ. Бұл туралы сазгердің өзі бүй деді.

Screenshot_13.jpg

– Әлбетте, әр әннің шығу тарихы әртүрлі болады. Бір күні бойымды билеген шабытпен бір әуезді ән ойымнан кетпей жүрді. Дереу гитарамды алып, әнмен бірге ыңылдап аспапқа салып көрдім. Бастапқыда онша мән бермесем де, «соткама» жазып алдым. Біраз уақыт өткеннен соң, әлгі әнді тыңдасам өлең сұрап тұрғандай болды. Көптеген әндердің сөзін жазып жүрген ақын ағамыз Зікіра Қожаевқа сөзін жазып беруді ұсындым. Ол кісі «Махаббат туралы ма?» деді бірден. «Ия» дедім. Бір-екі күн өткен соң Зікіра аға хабарласып, «Сөзі дайын. Үйдегі келінге арнап жазылды» деді. Әннің атын «Ризамын тағдырыма» деп қойыпты. Өлеңді әнге салып көріп едім, керемет үйлесе кетті. Менің әніме дөп түсіп тұр. Қуанғанымнан өмірлік жолдасым Мадина Сабырханқызына тыңдаттым. Өзіне арналғанын айтқанымда тіпті, қатты қуанды. «Мен 25 жасымда саған арнап «Қимаймын» әнін жазған едім. Тұп-тура 25 жылдан кейін, 50-ге келгенде тағы бір ән өзіңе арналып жазылды. Енді 75-ке, сон соң 100-ге келгенде де саған арнап ән жазармын» дедім қуанышын еселей түсіп. 

Сонымен бұл әнге орындаушы іздеу керек болды. Ордабасы ауданының орталығы Темірланда тұратын өзіммен бірге Мәдениет институтын тәмәмдаған студенттік досым Нүркен Әліпбековке ұсындым. Нүркен де бұл әнді әдемі нақышына келтіріп орындап жүрді. Бір күні Жетісай қаласында Зікіра Қожаевтың шығармашылық кеші өтетін болды. Мен сол кештің куәсі болдым. Керемет кеш болды. Сол кеште Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі Айжан Таженовамен таныстым. Кештен кейін Шымкентке қайтып келе жатып Айжан әпкемен келгенше әңгіме-дүкен құрып келдік. «Мұқан, сен керемет әндер жазып жүрсің, маған бір ән берсең қалай болады?» деді ойда-жоқта. «Әрине, берем. Сіз айтсаңыз, қуаныштымын ғой» дедім де, ертесіне, екі-үш әнімді Айжан әпкеме жібердім. Жіберілгендердің ішінде «Ризамын тағдырыма» да бар. «Мұқан, маған «Ризамын тағдырыма» әні қатты ұнады. Нағыз маған арналғандай. Тағдырыма ұқсас. Жолдасыма ауызша айтып беріп едім, ол кісіге де қатты ұнады. Осы әніңді айтсам қалай қарайсың?» деп сұрау салғасын, оранжировкіге берейік деп мықты маман Ерболат Әділовқа хабарластық. Бүгінде Айжан әпкеміз «Ризамын тағдырыма» әнін Қазақстанның барлық қалаларында орындап келеді. Сүйіктіме арналған ән осылай өз әншісін тапты. Осы орайда, мен ойлағаннан да жоғары деңгейде орындап, халықтың жүрегіне жеткізіп жүрген Айжан Таженова әпкеме өз ризашылдығымды білдіргім келеді.

«Әкесі қайтыс болды»: Меладзенің не себепті мұңайып, ән айта алмағаны белгілі болды
«Әкем қатты жылады»: Танымал блогер Рамина Таипова хиджабын шешкенін мәлімдеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу