Асқар Мырзахметов. Кім?

1887232.jpg

Асқар Мырзахметовтың әкімдік қызметте  үш жыл

4 наурыз күні Асқар Мырзахметовтың Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі қызметіне тағайындалғанына тура үш жыл толғалы отыр. Бұған дейін облысты бір жарым жылдай уақыт басқарған Нұрғали Әшімов Астанаға Қоршаған ортаны қорғау министрі болып ауысып, оның орнына мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған Асқар Мырзахметовты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин арнайы келіп облыс әкімінің орынтағына отырғызып кеткен-ді. Әлбетте, қызметке келгелі Асқар Исабекұлының атқарған жұмыстары аз емес. Оңтүстіктің әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеушіліктің барын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жұмыс сапарымен келген кезде бірнеше рет атап өтіп, тіпті өзге өңірлердің үлгі алуы қажеттігіне де тоқталғаны есімізде. Айтайын дегеніміз, бұл тағайындау кезінде көпшілік үшін тосын сый болғандықтан,   «Рейтинг» газетінде осыдан үш жыл бұрынғы санында «Мырзахметов кім?» деген тақырыппен жарық көрген мақала оқырмандардың үлкен сұранысын туғызған еді. Осыны ескере отырып, сол жарияланымға арнайы оралып, үзінділерін келтіргенді жөн көрдік. 

 «Жұлдыздар фабрикасы»

Асқар Мырзахметов 1962 жылы Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Марқұм әкесі  Исабек кезінде бірқатар аудандарда шаруашылықтарды басқарған білікті азамат  болған деседі. Жетпістің жотасына көтерілген анасы қазір Алматы қаласында тұрады. Мырзахметовтер әулетіндегі үш ұлдың екеуіне министр болу  бақыты бұйырған. Әлбетте, сирек кездесетін жағдай. Үлкені - Асқар  ауылшаруашылығы министрі болып қызмет атқарса, кенжесі Абылай кезінде көлік және коммуникация министрлігінің тізгінін ұстаған. Бір қызығы, ағасынан 7 жас кіші болса да Абылайдың бағы ертерек жанды. Ағайынды Мырзахметовтердің ортаңғысы – Алтай да осал емес. Әр жылдары Павлодар және Алматы облыстық кеден басқармаларының бастығы болып істеген. Бұл үш ұлдан бөлек өзгелер өнеге тұтқан отбасыда тағы бір қыз тәрбиленіп өсті.

Асқар Исабекұлының мамандығы  - зооинженер. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолы сонау 1988 жылы  Бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылым академиясының кіші, кейіннен аға ғылыми қызметкері болып бастаған. Одақ тарап, еліміз тәуелсіздік алған соң бизнеске  ойысады. 90-шы жылдардың басында сол кезде атағы жер жарып тұрған «Қазақстан» құрылыс корпорациясының вице-президенті қызметін атқарады. Назар аударарлық жайт: корпорацияның президенті Сауат Мыңбаев болса, тағы бір вице-президент  - Зейнолла Кәкімжанов еді. Осыдан-ақ  Асқар Исабекұлының қандай ортада жүріп шыңдалғанын топшылай беріңіз.  Мұндай «жұлдыздар фабрикасында» тәжірибе жинақтау Мырзахметовтің карьерасына әсерін тигізбей қойған жоқ.  

ҮКІМЕТТЕ 

   1999 жылы бұрынғы әріптесі  Сауат Мыңбаевтың бағы жанып, ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалады. Креслоға отырысымен-ақ ол Асқарды орынбасарлыққа  шақырды. Сөйтіп,  2005 жылға дейін, яғни, Мыңбаевтан кейін министрлікке келген  Ахметжан Есімов және Серік Үмбетовтің тұсында да Асқар Мырзахметов вице-министр болып қала береді.

Осы ретте Асқардың інісі Абылай жайлы айтып өтпеске болмайды. «Қазақстан Темір жолы» компаниясының төңірегінде туындаған даулы мәселеге байланысты оған қатысты әңгімелер әлі күнге дейін айтылып жүр. Небәрі 29 жасында Абылай Мырзахметов еліміздегі ең ірі компаниялардың бірі - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бас директоры болып тағайындалып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Мұнымен тоқтамай, 2001 жылы қараша айында көлік және коммуникация министрі болып тағайындалады. Алайда, бұл қызметтің қызығын ұзақ көрудің сәті түспеді. Бес ай өтер-өтпестен   2002 жылдың сәуір айында жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен үстінен қылмыстық іс қозғалуына байланысты Абылай  Мырзахметов қызметінен шеттетілді. Сот Абылай Исабекұлын шартты түрде бес жыл бас бостандығынан айырды. Сотталушының адвокаттары болса, Мырзахметов – саяси ойындардың құрбаны болғанын алға тартып, экс-министрдің жазықсыз жапа шеккенін дәлелдеумен әлек болды. Бірнеше жылға созылған тартыстан соң Абылай бизнес ортаға қайта оралды. 

Қалай дегенмен, Абылайдың сотты болуы  оның екі ағасының карьералық өсуіне кедергі келтіруі  мүмкін екенін сарапшылар жарыса жазып жатты. Әсіресе, вице-министр Асқар Мырзахметов қызметімен қош айтысады деген жорамалдар жиі айтыла бастады.  Алайда, 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев Асқар Мырзахметовті ауыл шаруашылығы министрі етіп тағайындайды. Бұл  жаңа министрдің іскерлігін, адалдығын, ең бастысы Президенттің сеніміне ие екенін тағы бір айғақтайтыны анық. Алайда, алғашқы кезде ауылдың жағдайын жақсартуға байланысты бірқатар ұсыныстар айтқан Асқар Исабекұлы министрлік қызметте көп отырған жоқ. 

ЕЛШІЛІКТЕ

2006 жылдың сәуір айында Асқар Исабекұлы  Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Оның алдында жұмыс істеген елші  Тілеухан Қабдырахмановқа сол кездегі сыртқы істер министрі Қасымжомарт  Тоқаев көңілі толмағанын  жасырмай, шүйліге түсті. Елшілік қызметке дипломатиялық тәжірибесі жоқ Асқар Мырзахметовтің тағайындалуының сырын  сарапшылар сан-саққа жүгіртіп, әбден талқылады. Бірақ, Тоқаевтің сенімін ақтауға тырысқан Мырзахметов дипломатиялық миссиясын ойдағыдай атқару үшін біраз еңбектенді. Нәтиже жаман болмай шықты.  Екі елдің  арасындағы сауда айналымы тұңғыш рет 700 миллион доллардан асып, Қазақстан  Өзбекстанның негізгі әріптесіне айналды. Тағы бір жайт: 2006 жылы Н. Назарбаев пен И. Кәрімов өзара 11 рет кездесіпті.  

 Дипломатиялық қызметте бір жарым жыл жүргеннен кейін Асқар Мырзахметов жаңадан құрылған «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшылығына келді. Елбасы айрықша  көңіл бөліп отырған құрылымның  төрағалығына Мырзахметовтің бекітілуін сарапшылар қолдады. Ауыл шаруашылығы саласын жетік меңгерген бірден-бір маман ретінде саясаттанушылар осы Мырзахметовті алға тартады. Ауылда туып-өсіп, Ауыл шаруашылығы министрлігінде жан-жақты шыңдалған Асқар Мырзахметов «Оңтүстік»  әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылығында да тәжірибесін ұштай түсті. Дипломатиялық қабілеті және бар. Кәсіпкерліктің де қыр-сырын бір кісідей меңгерген жан. Бір сөзбен айтсақ, нағыз әмбебап басшы. 

 Дерек пен дәйек

2011 жылы Оңтүстіктегі кәсiпорындарда 361,4 миллиард теңгенiң өнiмi өндiрiлiп, 2010 жылмен салыстырғанда 45 миллиард теңгеге өстi. Оның iшiнде, өңдеу өнеркәсiбiнде 241,7 миллиард  теңгенің өнiмi өндiрiлдi.

 Жаңа кәсiпорындардың ашылуы, өндiрiстiң кеңеюi есебiнен 16 080 жаңа жұмыс орны ашылды (2010 ж. – 10 528 жұмыс орны). Сыртқы сауда айналымының көлемi 3,9 миллиард АҚШ долларын құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 36,2%-ға артты. 

Ауыл шаруашылығының жалпы өнiм көлемi 212,8 миллиард теңгенi  құрап, 2010 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексi 10,4%-ға артты. Жүйелi жұмыстың нәтижесiнде 2011 жылы егiс көлемi 733 мың гектарды құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 36,2 мың гектарға ұлғайды. Айналымнан шыққан суармалы жерлердi қайтару бағытында соңғы үш жылда атқарылған жұмыстың қорытындысында 104 мың гектар суармалы жер қайтадан iске қосылды.  Нәтижесiнде 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды және қосымша 12,5 миллиард теңгенiң өнiмi өндiрiлдi.

 Облысымызда ауыл шаруашылығы жер қорына жүргiзiлген түгендеу жұмыстарын нақтылау нәтижесiнде 2 629 агроқұрылымдар пайдаланылмай жатқан 365 мың гектар анықталды. Оның iшiнде 2 156 шаруа қожалықтың 311 мың гектары ауданның арнайы жер қорына қайтарылды.  371 гектар жерге жылыжай орналастырылып, 2010 жылмен салыстырғанда 171 гектар немесе 1,8 есеге артты. Бұл республикалық көрсеткiштiң 75%-ын құрайды.  Тамшылатып суару технологиясы 7 613 гектар жерге ендiрiлiп, жалпы 14,8 мың гектарға жеттi. Бұл республикалық көрсеткiштiң 70%-ын құрайды. (Облыс әкiмi А.Мырзахметовтiң 2011 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есебiнен)

"Ойнеттің" мұрағатынан, 1 наурыз 2012 жыл

Screenshot_2.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: