"Асарға" бөлінген қаржы қайда кетті?

1476677753_a.jpg

Бірнеше мың оралманға аст та төк жағдай жасап, қалған жүздеген мың қандастарымыздың ырзық-несібесін тартып жегендей күй кештірген «Асардың» төңірегіндегі айқай-шу өршімесе, бәсеңдемейтін түрі бар. Өйткені оралмандарды атамекенге қоныстандыруға, әлеуметтік мәселесін шешуге арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы аяқталды. Жергілікті атқарушы билікке бағдарламаның жемісін көрсететін, халықтың аманатын арқалаған депутаттардың алдында есеп беретін кез келді. «Асарға» қатысты ащы ақиқаттың айтылар сәті те енді туған сияқты.   

Өткен аптада облыс әкімдігі «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысында оралмандарды көшуіне және қоныстануына жәрдемдесудің 2009-2011 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын облыстық мәслихаттың сесииясының күн тәртібіне қойды. Сесиядан бір күн бұрын бұл мәселе алдымен мәслихаттағы әлеуметтік даму жөніндегі тұрақты комиссияда қаралды. Бұл жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков қатысып, депутаттардың сауалдарына жауап беруі тиіс болғанымен, ол бізге белгісіз себептермен келмей қалды. Комиссияның отырысында  облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бастығы Балтабек Аблаев пен облыстық құрылыс басқармасының бастығы Альмира Орманшина «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысты мәліметтерді баяндап шықты. Оған қарағанда, «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында қаржы Шымкенттегі «Асар» мөлтекауданына ғана бөлінген. Ал, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби, Түлкібас, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласына қоныстанған оралмандарға аталған бағдарламада қомақты қаржы бөлу, әлеуметтік мәселесін шешу қарастырылғанымен, ол жүзеге аспаған. 

«Асарға» үйіп-төгіп берілген қаржының көлемі 15 миллиард 972 миллион теңгені құрайды. Соның арқасында мөлтекауданда 2009 жылы –575, 2010 жылы—575 үй, ал былтыр 400  үй салынған. Үйіргелік жері, жылыжайы, барлық коммуналдық қызметі, ең ақыры техникалық суына дейін қамдалған басы-аяғы 1550 үйден бөлек 1200 орындық мектеп пен балабақша, дәрігерлік пункт пайдалануға берілді. Тағы бір мектеп пен екі балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Былтыр мөлтекауданды аббатандыруға 890 миллион теңге бөлінгені тағы бар. «Асарға» жылыжайы бар 101 тұрғын үй салу биыл да жалғаспақ. Бірақ «Нұрлы» көштің» аяқталып қалуына байланысты оған қажетті қаржыны «Жұмыспен қамту—2020» бағдарламасы шеңберінде бөлу туралы ұсыныстар беріліпті.     

Мәслихаттағы депутаттық корпусқа биыл қосылған, бұрынғы мәжілісмен Оңалбай Аяшев «Асардағы» ағайындарға үйіп-төгіп ақша бөлініп, өзге оралмандарға дым да бұйырмай қалғанына таңқалысын білдірмей қалмады.

--Сіздер «Асар» мөлтекауданы үлгі ретінде салынды деп отырсыздар. Бағдарлама бойынша дәл осындай оралман ауылдары Төлеби, Түлкібас, Сарыағаш, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласында да бой көтеруі тиіс еді. Бұл жерде неге тепе-теңдік сақталмаған? Сонда жоғарыдағы өңірлерге қоныстанғандар екінші сортты оралмандар ма?—деп сауалды төтесінен қойды.

Алайда Орманшина қаржының бәрі республикадан бөлінгенін, барлық шешімді Үкіметтің өзі қабылдағанын, одан бөлек тұрғын үйлердің оралмандарға несиеге берілгенін алға тартты.

   Жұма күні өткен мәслихат сессиясында «Нұрлы көш» бағдарламасы жөнінде атқарылған жұмыстармен таныстыру үшін мінбеге шыққан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбековтың баяндамасын депутаттар толық оқытпай, бірден сұрақ-жауапқа көшті. Қаныбеков өзінің сөзін «бөлінген қаржы толығымен игерілді» деп қысқаша ғана тұжырымдады. Мәссаған, сонда «Нұрлы көштің» мақсаты тек қаржы игеру, ақша шашу болғаны ма?  Мәжілісте әкім орынбасары «Асардың» өзгелерге үлгі ретінде салынған тілге тиек етті. Сонда «Асар» кімге үлгі? Талай жылдан бері ауыз суға, жарыққа жарымай, айтқан мұң-зарлары биліктің құлағына шалынбай келе жатқан «Достыққа» үлгі ме, әлде дені дұрыс жол, мектеп пен балабақша бұйырмаған «Жалынға» ма?  Әлде осы уақытқа дейін жерлерін де заңдастыра алмай жүрген «Шаңырақтағы» оралмандарға үлгі ме? Түсінбедік. 

«Асар» мөлтекауданын аббатандыру жұмыстарына қаралған 890 миллион теңгенің 5 пайызынан қалғаны түгелдей игерілді» деген С.Қаныбеков қып-қызыл даудың астында қалды. 

--Біз «Асарға» барып қайттық. Істелінген жұмыс жоқ. Бөлінген қаржы мен атқарылған жұмыстың көлемі бір-біріне сәйкес келмейді. Бұған не айтасыз?—деген депутат Рәшкүл Оспаналиеваның сауалына Сәкен Қаныбеков жоғарыдағы сөздерін қайталаудан арыға аса алмады. Р.Оспаналиеваның сөзіне депутат Ерлан Нұрмаханов та қолдау білдірді. Жартымды жауап болмағанан кейін сессия «Асарға» бөлінген қаржының қаншалықты игерілгенін тексеру үшін мәслихаттан арнайы комиссия құру туралы шешімге келді. Бұл комиссия «Асарға» қатысты мәселелерді егжей-тегжей зерттеп, оның алдағы сесиялардың бірінде ортаға салмақ.

Айтқандай, «Нұрлы көштің» орындалуы туралы мәселе қарап жатқан мәслихаттың осы жолғы сессиясына аталған бағдарламаның дүниеге келуіне түрткі болған, «Асардың» «авторы» Ибадулла Қалыбеков арнайы келіп, депутаттардың сұрақтарына жауап береді, тым құрыса қосымша баяндама жасайтын шығар деп ойлаған едік. Депуттардың қояр сұрағынан тайсақтады ма әлде мәслихатты менсінбеді ме, Ибекең бұл жиыннан төбе көрсете қоймады. 


Ерлан Нұрмаханов, облыстық мәслихаттың депутаты: 

«Комисия осы аптада іске кіріседі»

--«Асарға» арнайы барып, құрылыс жұмыстарымен танысып қайттық. Біздің шамалауымызша, сатып алынға материалдармен қоса есептегенде ары барса 300 миллион теңгенің жұмысы бар. Ал бөлінген қаржы 890 миллион теңге. Енді осыныңы қаншалықты заңға сәйкестігін тексереміз. Комиссия құрылып жатыр. Осы аптадан бастап іске кірісеміз. 

Комиссия  890 миллион теңгенің қаншалықты игерілгенін тексереді. Егер жұмыс барысында «Асарға» қатысты басқа да мәселелер туындайтын болса, оны да қарауымыз мүмкін. 


Нұрғазы Бұқарбаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:   

   «Шахмат клубы, билегіш субұрқақ, жер асты жолы керек пе еді?»

--«Асарға» осыдан бір ай бұрын барып қайтқанбыз. Құрылыс жұмыстарының жоспарымен «Ақорда» корпорациясы бастығының орынбасарымын деген жігіт таныстырды.   Шынымды айтсам, адам таңқаларлық жағдайға тап болдым. «Асарда» салынатын керемет саябақ, Шымкенттің орталығында жоқ. Осы жерде екі субұрқақ болады екен. Оның біреуінің құны 40 миллион теңге, ал билегіш екінші субұрқақтың құны 60 миллион теңге. Бұдан бөлек шахмат клубы, ұзындығы 200 метрлік жер асты жолдары салынып жатыр. Бірнеше спорт алаңшалары да бар. Қалада ондай спорт алаңшалары 7-8 миллион теңгеге салынып еді, ал «Асардағы» алаңшалардың әрқайсысының құны 12 миллион теңге тұрады. Айдалада, қаладан шет жатқан жерден осыншама сән-салтанаттың қаншалықты қажеті бар еді? «Асарға»  таяқ тастам жердегі «Достықтағы» халық қазір жарыққа жарымай отыр. Тіпті, депутаттар жеке қалталарынан ақша шығарып, трансформатор сатып алып беріп жатыр. Ал, «Асардағы» ахуал жоғарыдағыдай. Бұдан кейін ашынбағанда қайтесіз?

 «Асардағы» құрылыс жұмыстарын тексеру жөніндегі облыстық мәслихаттың құрылатын комиссияның құрамына қалалық мәслихаттың депуттарын да енгізу керек деп ойлаймын.


"Рейтинг" газеті №9, 1 наурыз 2012 жыл


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: