Шымкент: Түрік инвесторлары бу-газ қондырғысын салады

Oinet.kz 25-04-2024 380

12.jpg 

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Мурад Юстел бастаған "Aksa Energy" компаниясының өкілдерімен кездесіп, қуаттылығы 500 МВт-қа дейін аралас циклды газ зауытын салу жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Қондырғы құрылысы биыл басталады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мегаполис басшысы жаңа жобаны енгізу қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, қала бюджетіне қосымша кіріс әкелетінін атап өтті.

Құны 700 миллион АҚШ долларына жуықтайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыру қала тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталғанын ерекше атап өткен жөн. Құрылыс кезінде 1000-нан астам жұмыс орны ашылады, ал іске қосылғаннан кейін 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.

Ғабит Сыздықбеков түрік компаниясына қалаға қызығушылық танытып, энергетикалық кешеннің дамуына тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ маңызды саладағы бірлескен жобаны тез арада жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ, жуырда Шымкентке Қаржы министрі Мәди Тақиев жұмыс сапарымен келіп, мегаполистегі инвестициялық жобалармен танысып кетті. Министрді қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов қарсы алып, ең алдымен “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағын таныстырды. 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан толыққанды тоқыма кластерін аралап, алдағы жоспарларын пысықтады.

Бұл аймақ тоқыма химия, мұнай-химия салаларын және ішінара машина жасау өндірістерін дамыту үшін қолайлы инвестициялық алаң саналады.

Өндірістік пул 65 жобадан тұрады. Онда 4 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда жалпы инвестиция сомасы 58,7 млрд теңгеге 39 жоба іске асып, 1 984 жұмыс орны ашылған.

Өндіріс алаңына инфрақұрылым жүргізіп, жағдай жасау үшін бюджеттен 8,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Нәтижесінде өнімдерді дамыту үшін қазір 22-ден астам инфрақұрылым нысаны салынды.

Министр аралау барысында “Оңтүстік АЭА" кеден бекетінің бақылау-өткізу пунктімен де танысты.

Сонымен қатар, Мәди Тақиев мегаполиске арнайы жұмыс сапары аясында қала тұрғындарымен және "Бал Текстиль" ЖШС өкілдерімен кездесіп, бірқатар өзекті сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ халық пен кәсіпкерлер тарапынан көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізді.


«Таза Қазақстан»: Металлургтер саябағына қараталдар егілді
Шымкентте «Жасыл аймақ» апталығы жалғасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу