Шымкенттік құтқарушылар су тасқынына қарсы шараларға белсене қатысты

Oinet.kz 23-04-2024 379

6.jpg 

Су тасқынынан зардап шеккен аумақтардықтардың бірі Ақмола облысына шымкенттік құтқарушылар аттанған болатын. Төтенше жағдайлар департаментінен аттанған жеке құрам Ақмола облысында орын алған су тасқынына қарсы жұмыстарды толық орындап, тұрақты орналасу пунктіне оралды. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.

Етігімен су кешіп, елі үшін жыраққа кеткен құтқарушыларды салтанатты түрде әріптестері мен туыстары, балалары күтіп алды.

Салатанатты іс-шара барысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы генерал-майор Қуанар Базарбаев авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген құтқарушыларға алғыс айтып, бірлескен әрекет пен күш-жігер қиын кезеңді еңсеруге көмектескенін атап өтті.

— Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысты. Олар 28 наурыздан бастап Ақмола облысының Аршалы, Атбасар, Целиноград аудандарында тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, дамбыларды нығайту үшін инертті материалдармен толтырылған 21 270 қап төседі.

Сондай-ақ, 100 480 текше метр суды арнайы сорғылармен сорды. Ақмола облысына Шымкент қаласы ТЖД-ден 40 жеке құрам, 5 техника, 15 мотопомпа, 1 қайық жіберілген болатын, — деді Қ.Базарбаев.

Салтанатты жиында күтіп алушылар шымкенттік құтқарушылардың кәсіби түрде, уақтылы және нәтижелі атқарған жұмыстары үшін алғыс сөздер айтып, батырламызға облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Айта кетері, бұған дейін су тасқынына байланысты жасаған мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

-- Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.

Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.

Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі,--деген болатын.


Шымкент: Биыл 2 қазандық жаңартудан өтеді
Күн тәртібінде--өрт қауіпсіздігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу