Әлихан Смайылов: Түркістанда 15 субъекті 225 млн теңгеге іс жүзінде жоқ инвестицияға субсидия алған

Jan 8, 2025 - 18:00
 1
Әлихан Смайылов: Түркістанда 15 субъекті 225 млн теңгеге іс жүзінде жоқ инвестицияға субсидия алған

--Субсидияға қатысты 4 дерек бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ауыл шаруашылығындағы субсидияның тиімділігіне қатысты аудит қорытындысын жариялау кезінде Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті,--деп хабарлады ҚазАқпарат.

— Жалпы аудит нәтижелері бойынша 142 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 2 млрд теңгеге қаржы саласындағы талаптарды бұзу деректері анықталды. Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда шамамен 5 млрд теңгені құрады. Бюджетке 2 млрд теңге өтелді және қалпына келтірілді. 4 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. 322 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді, — деді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, тергеу органдарына жіберілетін деректер көбіне оңтүстік өңірлер мен Ұлытау облысында болған жағдайға қатысты.

— 1 мыңға жуық адам 1,5 млрд теңгеге субсидия рәсімдеген, яғни кәсіпкерлік ісіне алған. Алайда салық органдарында кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Түркістан облысында 15 субъекті 225 млн теңгеге іс жүзінде жоқ инвестицияға субсидия алған. Бұл тұрғыда жалған шот-фактура мәселесі бар. Ал Абай облысында екі кәсіпорын сатып алынбаған ауыл шаруашылығы техникасына 131 млн теңге субсидия тартқан, яғни жалған ақпаратты ұсынған. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлердегі басқармалардың 8 лауазымды қызметкерін әкімшілік жауапкершілікке тартып отырмыз. Одан басқа әкімшілік жауапкершілікке тартылатын тағы 320 адам бар, — деп нақтылады аудиторлық палатаның төрағасы.