Құмар ойын қызметсіз қалдырады
Тәуелсіз заманда құмар ойынға тәуелділік - ол қоғамдағы қауіпті дерт. Жалпы құмар ойындарға тәуелділік отбасындағы елеулі қақтығыстар, жақындарымен және достарымен қарым-қатынастың үзілуі, қаржылық жағдайдың нашарлауы және кәсіби қызметтегі қиындықтар сияқты отбасылық және әлеуметтік мәселелерге алып келуі мүмкін.
Мұның бәрі мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасау тәуекелдерін арттырады.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнайы органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың басшыларына енді құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынды. Бұл шектеуді бұзғаны үшін жұмыстан босату қарастырылған.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің құмар ойын мекемелеріне баруы тәртіптік жауаптылықты көздейтін болса, құмар ойынына қатысу, бәс тігу қызметтен босатуға алып келеді.
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты түсінуіміз керек. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарымызға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет.
Атап өту қажет, ағымдағы жылғы қараша айында, Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша тергеп-тексеру департаментінің және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен елімізде бірінші рет «Мемлекеттік қызметшілер құмар ойынға қарсы» атты флешмоб өтті. Бұл шараның мақсаты - қоғамда лудоманияға қарсы иммунитет қалыптастыру болды.
Мемлекеттік қызметшілер арасында осындай ауқымды акцияның бірінші болып Түркістанда өтуі де кездейсоқ емес. Себебі, Түркістан - ол бүкіл түркі әлемінің рухани орталығы болып саналатын, еліміздің киелі шаһары.
Аталған флешмобқа облысымыздың 1300-ге жуық мемлекеттік қызметшілері қатысты.
Үш жүздің төбе биі Төле би «Өзіңе-өзің кәміл бол, Халқыңа әділ бол» деген дана сөзін Ұлы Даламыздағы ұрпағымыз ұмытпаса екен деймін. Барлық мемлекеттік қызметшілерді Сәбит Мұқанов айтқандай, жақсылық жолында келе жатып, жаман әдет көрсетпеуге шақырамыз.
А.Д. Наурызбаев,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы
бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы