Қазақстандағы бірегей кәсіпорын Сайрамда орналасқан
Түркістан облысындағы ірі, белсенді, халық тығыз қоныстанған әрі кәсіпкерлік саласы кең қанатын жайған, сансыз баптардың мекені Сайрам ауданы қазіргі таңда облыстағы жан-жақты дамыған өлкелердің бірі. Ауданда ауыл шаруашылық саласы, соның ішінде мал шаруашылығы да ерекше дамыған. Ал мал шаруашылығы дамыған жерде әрине сүт көп. Ал сүттен не жасалмайды десеңізші?! Күнделікті адамдар тұтынатын азық-түліктің басым бөлігі осы сүттен жасалады. Сондықтан ауданда сүт өңдеу бағыты өте жақсы дамыған. Айталық айран, қаймақ, май өндіретін цехтар жетерлік. Ал олардың ішінде ауданда алғаш болып сапалы әрі дәмді ірімшік өндіру ісін қолға алған «Айкан» ЖШС. Дүкен сөрелерінде көпшіліктің сүйікті асына айналған, тұтынушылардың сұранысына ие болған «Эмир» ірімшіктерін сіз де кездестірген боларсыз. Ия, дәл осы брендпен нарыққа шығып отырған дәмі тіл үйіретін ірімшіктер осы зауытта өндіріледі.
Ендеше, бірегей кәсіпорынның тарихына үңілейік. Оңтүстік өңірде сыр-ірімшік өнімдерін шығарудың негізін алғашқы болып қалаған компанияның қадамы жыл өткен сайын ілгері басуда.
Алғашқыда Шымкенттің Қаратау ауданы аумағында орын тепкен зауыт жұмысын 24 адаммен бастаса, қазір мұндағы жұмысшылардың саны 47-ге жеткен. Кәсіпорынға мемлекет тарапынан біршама көмектер көрсетілген. Айталық «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында , «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында» және «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен жеңілдетілген пайызбен несие алып және инвестициялық субсидияға қолдау көрсетілген. Осындай жәрдемнің арқасында зауытқа модернизация жүргізіліп, нәтижесінде Сайрам ауданы, Ақсукент ауылдық округіне сүт зауыты көшіріліп, бірігей зауыт осылаша жаңа бағытта өз жұмысын бастады.
«Менің мамандығым бухгалтер, яғни ауыл шаруашылығы саласы бойынша есепшімін. Ал, күйеуім Мухаррем Айқан оралман, Қазақстанға Түркиядан келіп, Павлодарға орныққан. Бұл тоқсаныншы жылдар еді. Мамандығы технолог күйеуімнің Анкарада сүт өнімдерін экспорттайтын фирмасы болған. Сол себепті оған осы Павлодардағы сүт зауытын қайтадан қалпына келтіруге ұсыныс жасалады. Мухаррем зауыт жұмысын жолға қойып берген. Кейінірек екеуміз кездесіп, отбасын құрдық. Бірде ол «мен технологпын, сен есепшісің, қашанғы біреу үшін жұмыс істейміз? Өз зауытымызды ашып көрейік» деді. Сонымен іске кіріспекші болдық. Ең алдымен шикізат іздедік, бірақ солтүстіктен таппадық. Сосын ол Шымкентке кетті. Осы жақтан Астанадағы маған қоңырау шалып, «мына жерде шикізат көп. Ешкім мұнда жұмыс істемейді екен, ірімшікті Өзбекстаннан әкеліп жатыр» деп хабарласты. Осында көшіп келдік те, жалға сол кездегі Сайрам ауданы, Мәртөбе ауылынан ғимарат тауып, ісімізді бастап кеттік. Бұл 2000 жыл еді. Сөйтіп, бастапқыда «Эмнұр» фирмасының директоры болдым. Фирмамызға өзге құрылтайшыларды да тартқанбыз. Кейін балалар өскен соң ондағы өз акционерлік үлесімді сатып жібердім. 2013 жылы күйеуім екеуміз өз алдымызға «Айқан» ЖШС атауымен бөлек отбасылық компания құрдық. Сүт өңдейтін зауытымыз «Эмир» тауарлық маркасымен ірімшік шығарады. Бастапқыда Шымкент қаласында ашылған цехымыз шағын болатын. Қуаты 8 тонна еді. Цех 2012 жылы ашылған болатын. Шымқалаға өндіріп жатқан өніміміз жетеді деп ойладық. Бірақ уақыт өте келе біздің өнімдерге сұарыныс өте көп болды. Себебі нарықта отандық ірімшіктер жоқ болатын. Біздің кәсіпорын ірімшік өндіруді бірінші болып бастаған. Сұрыныс бар, ендеше неге кәсіпорынды ұлғайтпасқа деген ой келіп, бірде жолдасыммен отырып ақылдастым. Көптен бері ойда жүрген жоспарымды айттым. Менің арманым қалдықсыз өнім өндіру еді. Бұл идеямды күйеум қолдады. Әрине мұндай ауқымды, бірігей жоба үлкен қаражатты талап етті. Сөйтіп мемлекеттен көмек сұрауды шешіп, сұрастыра келе «Даму» қорының бар екенін білдік. Қор мамандарына жолығып, сөйлестік. Олар бұл тың жобаны бірден қолдай кеттік. Сөйтіп тілегенім алдымнан шығып, енді қағаздағы жоспарды шынайы жүзеге асыратын уақыт келді деп, іске кірістім. Алдымен бизнес жобамды толықтырып, әбден пісіріп алдым. Шағын цехта мұндай ірі жобаны жүзеге асыру мүмкін емес екенін түсініп, жаңа өндіріс ошағын салуды көздедім. Іздестіре жүріп, Сайрам ауданы Ақсукент елді мекенінен зауытқа ыңғайлы жер телімін сатып алдық. Бірден құрылысқа көшіп, үлкен еуростильдегі зауытты салдық»,- дейді кәсіпорын басшысы Алмагүл Айкан.
Заманауи үлгіде бой көтерген зауытқа Түркиядан құрылғылар әкеліп, табиғи сүтке қозының ұлтабар-мәйегін қоса отырып, түрік технологиясымен көпшілікке танылып үлгерген «Эмир» сырлары өндіріле бастады. Ірімшіктер сапаның еуропалық стандартына сәйкес өндіріледі.Сүт өнімдерінен ірімшік дайындайтын компаниялар арасынан бұл кәсіпорын 2017 жылы Қазақстан бойынша жалғыз халал сертификатына ие болған. Оны еліміздің сол кездегі бас мүфтиі арнайы келіп, Шымкенттегі орталық мешітте тапсырған екен. Ал бұл сертификат мұсылман елдері үшін аса маңызды екені түсінікті.
«Ірімшік сүттің сарысуынан жасалатынын бәріміз білеміз. Ал алып зауытта біздің өнімдер бірнеше кезеңнен өтіп барып жасалады. Жұмыс процесінің барлығы автоматтандырылған. Жұмысты мамандарымыз қадағалап отырады. Барлығы еуропадық стандарттарға сәйкес келеді»,- дейді кәсіпорын директорының орынбасары Күнтуған Махмаражапұлы.
Сүт өнімдерін өңдейтін зауыттағы жұмыс процесі алдымен сүттің сарысуын алудан басталады. Арнайы қазандықтарға құйылған сарысудың температурасы реттеліп, салқындатылады. Одан кейін шикізат пастерленуден өтеді. Тазартылған сарысу мұнан кейін майын ажырату процесіне өтеді. Мұны үлкен сепаратор аппараты жасайды. Ол сарысудың майын сығып алады. Мұның барлығы автоматты түрде жасалады. Яғни сепараторға сұйықтық құбырлар арқылы құйылады. Онда оның қанша мөлшерде болғанын, температурасын барлығын көрсетіп тұрады. Сепаратордан шыққан сұйықтық үлкен резервуарларға құйылады. Мұндағы әлемдегі теңдесі жоқ қондырғылардың бірі нанофильтр деп аталады. Осы нанофильтлер арқылы сұйықтықтың тұздары мен минералдарын бөліп алынады. Бұл аппарат Түркия елінен әкелінген. Ал оның ауыстырылып тұратын қосалқы кассетасы тек АҚШ пен Жапонияда жасалады екен. Кәсіпорын АҚШ-тың өнімін таңдапты. Содан соң тұздан, минералдан «айырылған» сұйықтық әрмен қарай қазандықтарға құйылады.
Жұмысшылар сүтті Сайрам ауданының Қарабұлақ, Манкент, Қарамұрт елді мекендерінің тұрғындарынан жинайды. Жаңа өндіріс орнында тәулігіне 100 тонна сүт өндіріледі. 47 адам тұрақты жұмыспен қамтылған өндірісте түрік технологиясымен ірімшіктің 12 түрі шығарылып, Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратылады.
«Біздің өнімдер таза сүттен жасалады. Ірімшікке тек сүттен алынатын заттарды қосамыз. Артық бөтен қоспа, химиялық заттар, бояғыштар атымен жоқ. Мысалы бізге сүт келеді. Сол сүттен сырный масса, сүзбе, протеин, лактозаны алып, сарысу дайындаймыз. Яғни бұл компонеттер бәрі сүттің ішінде. Сондай-ақ қаймақ аламыз, май аламыз. Сол майды ірімшікке қайта қосамыз. Яғни біз ешқай жерден басқа өнім алмаймыз. Біздің әуел бастағы бизнес жоспарымызда өніміміз 100 пайыз табиғи болады деп шешкенбіз. Қазір бүкіл еуропа елінде өндіріліп жатқан сүт өнімдерінің құрамында ГМО бар. Сол себепті оларда асқазан ішек аурулары өршіп тұр. Семіздік белең алған. Ал біздің өнімдеріміз денсаулыққа еш зияны жоқ. Керісінше өте пайдалы. Себері ірімшіктің құрамында кальци, В тобынык дәрумендері, магнии бар. Олар жас баладан бастап, еңкейген қариялардың организміне өте қежетті минерелдар мен дәрумендер болып табылады. Сондықтан біздің өнімдер жас талғамайды»,- дейді кәсіпкер Алмагүл Құдайбергенқызы.
Бірініші кезекті сан емес сапаған мән беріп, тұтынушылардың денсаулығына алаңдайтын кәсіпорын тәуелсіз зертханаға қомақты ақша төлеп, әр он күн сайын өз өнімдерінің сапасын тексертіп отырады. Содан да болар табиғи сыр-ірімшіктері сөреде ұзақ жатып қалған емес. Өнімдерінің сақталу мерзімі – 2-3 ай. Зауыттың ішінде фирмалық дүкен жоқ, дистрибьютерлері сауда орындарына шығарады.
«Біз ірімшіктің 12 түрін жасап, нарыққа шығарып жатырмыз. Ұжым өнім ассортиментін көбейту мақсатында ізденіп, нәтижесінде елімізде теңдесі жоқ өнім шығардық . Ол құрғақ сарысу. Ия кәдімгі сүттің сұрамынан бөлініп шығатын, біз ірімшік жасауға қолданатын кәдімгі сарысуды ұнтақ күйінде шығарып жатырмыз. Заманаиу технологиямен жасалған өнім Қазақстанда басқа ешбір зауыт, цехта өндірілмейді. Бұл өнімді қазіргі таңда еліміздегі кондитерлік фабрикалар таласып алуда. Және Ресей мемлекетіне экспортталып жатыр. Мұндай құрғақ сарысу өнімі бұған дейін Қазақстанға Ресейден келетін еді. Қазіргі таңда біздің өнімнің құнынын төмендігіне байланысты Ресейліктен енді керісінше бізден алып жатыр. Ал оның қағаз қаптамасы Түркия елінде арнайы дизайнерлік тапсырыспен жасалады. Қапшықтың сырты қағаз болғанымен ішінде полиэтилен целлофаны бар. Ол суды сіңіріп алып, ылғалдылықты сақтап тұрады»- дейді Күнтуған Махмаражапұлы.
Ірімшік тек қана сүттен дайындалатын және әбден қайнатылып, сарысуынан бөлініп алынатын тағам болғандықтан сүттегі маңызды қоректік заттар ірімшікте екі есе көп болады. Атап айтқанда: толыққанды сүт майы, оның құрамында өте маңызды (арахидон, линолды, линоленді) май қышқылдары және А, Е, Д, В1, В2, В6, В12, РР, С дәрумендері бар. Сүттегі лактоза жүрек-жүйке тамырларының қабілеттілігін арттырады. Ірімшік құрамындағы дәрумендер рөлі:
А — адам ағзасының дамуына әсер етіп, түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін және көз қырағылығын арттырады.
Д — сүйек ұлпасының мықты болуына әсер етеді. Жас балаларды мешел ауруларынан сақтайды.
В1 — адам ағзасына күш-қуат береді, жүйке-жүйесінің дұрыс қалыптасуын және ас қорыту процесін жақсартады.
В2 — ағзаның бірқалыпты өсуіне қажет дәрумен, көздің жақсы көру қабілетін сақтайды.
В6 — баланың бойы өсуіне әсер етеді, қан мөлшерін реттейді.
В12 — қанның пайда болу процесіне қатысады, анемия ауруына қарсы тұратын қасиетті қалыптастырады.
Е — адам бұлшық еттерінің және жыныс бездерінің қызметін жақсартады.
РР — қан ағымын және бауыр жұмысын жақсартады.
Ірімшік – сүтті өңдеуден өткізу арқылы алынатын ең жоғарғы колориялы сіңімді тағам. Ірімшік сиырдың ешкінің және қойдың сүтінен жасалатын тағам. Ірімшіктің нәрілік құндылығы құрамындағы ақуыз 25 пайызға майлылығы 30 пайызға және амин қышылы калций ,фосфор тұздары қоспалар ерекшеленеді. Ірімшік барлық жастағы адамдар үшін пайдалы. Оның құрамындағы нәрлі заттарды адам организмі 98 -99 пайызға жуық сіңіреді. Ірімшіктің коллориялығы 2500 ден – 4500 ге дейін ккал болады. Олар толығымен адам организміне сіңеді. Әлемде бес жүзден астам ірімшік түрлері бар екен. Олардың ішінде атам қазақ ежелден бері жасап, тұтынып келе жатқан ақ ірімшік ,қызыл ірімшік, мәйек ірімшігіне жететіні жоқ. ІріІмшік – қазақтың ұлттық сүт тағамдарының ішіндегі ежелгі, ең көп тараған және адам ағзасы үшін аса маңызды тағам. Мәндірмен дайындалған ірімшіктің дәмі өте ерекше болады. Сүттің құрамындағы табиғи қанттың мөлшеріне қарай сәл тәттілеу, хош иісті, түсі қызғылт сары, өзі жұмсақ келеді. Ірімшіктің құрамында адам ағазсының қызметі үшін маңызды макро-микро элементтердің барлығы бар. Сондықтан сүт тағамдары күш-қуаттың қайнар көзі.
Заттай көріністегі өндірістің орташа көлемі 1 тонна. Заттай көріністегі сатудың орташа жылдық көлемі 1 тонна.
«Эмир» ірімшік брендімен шығарылатын өнім өндіру мен сақтаудың барлық санитарлық нормаларын мұқият сақтай отырып, ірімшік дайындаудың түрік технологиялары бойынша Түркияның жоғары технологиялық жабдығында өндіріледі.
«Көптеген тұтынушылар Ресейдің өнімдеріне құмартады. Қымбатына қарай жүгіреді. Бірақ олар түсінбейді, оның құрамында не бар екеніне тіпті назар аударып та қарамайды. Біздің өнім сүттің құрамында не бар соның барлығын бөліп аламыз да оны қайта ірімшікке қосамыз. Ең соңында су қосамыз. Қазір тіпті сол суды да кәдеге жаратуды көздеп отырмыз. Яғни оны қайта өңдеу қажет. Өнідіріс барысында шығатын бұл су негізі таза тек минералды кішкен тұзды су. Міне сол суды төкпей оны фильтрден өткізсек қайтадан тұщы су болып шыға келеді. Біз оны да жасаймыз»,- дейді кәсіпкер.
Мешітке, мүгедек балаларға, тұрмысы төмен отбасыларға, ҰОС ардагерлеріне әрдайым демеушілік көмек көрсетіп отырған кәсіпорынның негізгі кәсіпкерлік тұжырымдамасы қоғам өміріне белсенді қатысу болып табылады. Олар қаржылық немесе басқа да көмек көрсететін қызмет саласына қарамастан және әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал етуге ат салысуда.
Компания өнім желілерін кеңейте отырып, белсенді дамуда. Компаниялардың атауы мен «Эмир» сауда белгісін тұтынушылар оңай таниды, ал өнімнің жоғары сапасы сатып алушылардың сенімін тудыратын брендпен қамтамасыз етіледі.
2013 жылдан бері – «Қазақстанның үздік тауары», «Оңтүстік Қазақстан бизнесінің мақтанышы», «Озат сүт өңдеуші», «Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеудің үздігі», «Үздік халал кәсіпорын» және т.б. бірнеше марапаттауларға ие ЖШС «AYKAN (АЙКАН)» кәсіпорны облысымызың экономикасына өз орасан зор үлесін қосуда. Сондай-ақ кәсіпорын Астанадағы кәсіпкерлердің табысты еңбегі үшін мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «ең үздік тауар» марапатына да ие болғанын айта кетейік.