Жазушы Мұхтар Мағауин қайтыс болды
Жазушы Мұхтар Мағауин қайтыс болды
Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин хабарлады.
"Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)", - деп жазды ол.
Мағауин туралы
Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас ауылында дүниеге келген. Ол - тарихшы, жазушы, қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым. Филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1996).
1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.
1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте, 1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық қызметте, 1988 жылдан бері "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды.
Шығармалары
Мұхтар Мағауиннің "Қобыз сарыны", "Көк мұнар", "Аласапыран", "Мен", "Жармақ", "Шыңғыс хан", т.с.с. шығармалары бар.
1984 жылы "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.
Еске салайық, бұған дейін жазушы Мұхтар Мағауин Түркияға көшкені хабарланды.